Өскеменде «полиция бөлімшесіне бомба қойдым» деп әзілдеген әйел ұсталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында «полиция бөлімшесіне бомба қойдым» деп әзілдеген мас әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына хабарласқан әйел адам полиция бөлімшелерінің біріне жарылғыш зат қойғанын айтқан.
Арнайы қызмет пен тәртіп сақшылары ғимаратты мұқият тексеріп шықты. Алайда жарылғыш немесе басқа да күмәнді заттар табылмады.
— Көп ұзамай полицияға қоңырау шалған адамның кім екені анықталды. Ол қаланың 32 жастағы тұрғыны болып шыққан. Әйел қоңырау шалған кезде полиция бөлімшесіне жақын маңда жүрген және мас күйде болған, — делінген ақпаратта.
Ұсталған әйелге қатысты «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол 5000 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуге міндеттеліп немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салсақ, осыған дейін Алматы облысында заңсыз қару мен ірі көлемде есірткі тәркіленгені хабарланған.