Өскеменде референдум күні қоғамдық көлік тегін болады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласының тұрғындары 15 наурыздағы референдум күні қоғамдық көлікте тегін жүре алады.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бұған тасымалдаушы компаниялардың өздері бастамашы болған.
— Бұл күні барлық жолаушылар автобустарда тегін қатынай алады. Осындай шешім алдағы саяси оқиғаның маңыздылығын ескере отырып қабылданды және сайлау учаскелеріне баруды жоспарлап отырған тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған, — дейді тасымалдаушылар.
Осылайша, өскемендіктер азаматтық ұстанымын білдіру үшін қаланың кез келген бөлігіндегі сайлау учаскелеріне еш ақысыз жете алады. Сондықтан жолаушыларға автобустың төлем картасын өздерімен алып жүрмеуге де болады.
Еске салсақ, осыған дейін еліміздің жаңа Конституциясын қабылдауға арналған республикалық референдум өтетін күні Қызылорда қаласында қоғамдық көліктер халыққа тегін қызмет көрсететіндігі жайлы жазғанбыз.