Өскеменде саяжай тұрғындары аулада от жағуға салынған тыйымға қарсы шықты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Халық саяжайда кәуәп қақтағысы келсе заң бойынша ғимараттар мен құрылыстардан кем дегенде 10 метр қашықтық сақтауы тиіс. Өскемендіктер бұл талаптың орынсыздығын айтса, құтқарушылар тәртіпке бағынбаудың салдары қайғылы жағдайларға әкеліп соғатынын ескертті.

Желді күні от жағуға болмайды
Жайдары жазда елдің көбі саяжайға немесе табиғат аясына барып демалғанды әуес көреді. Сол жақта кәуәп пісіретіндер де аз емес.
Алайда өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес, мангалда от жағу үшін таңдаған жеріңіз ғимараттар мен құрылыстардан кем дегенде 10 метр қашықтықта болуға міндетті.
— Көп жағдайда дала өртіне — қауіпсіздік ережелерін бұзу және отты абайсыз пайдалану себеп болып жатады. Әсіресе саяжайларда немесе олардың маңында шөп жанады. Сондықтан да жаз кезінде төтенше жағдайлар қызметі жағдайды әуеден бақылау үшін дрондарды қолданып жатыр. Егер ұшқышсыз аппарат бір саяжай иесінің қоқыс немесе шөп өртеп жатқанын анықтаса, онда мамандар дереу сол жерге барып, өртті қауіпсіз жағу ережелерін түсіндіреді. Қазіргі уақытта қолданыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерінде «Ауа райы ұзақ уақыт бойы ыстық, құрғақ және желді болған жағдайда, қалаларда, ауылдарда, кәсіпорындарда, саяжай және бақша аумақтарында от жағуға, көмір, қоқыс, қалдықтар мен құрғақ шөпті өртеуге жол берілмейді, — деп хабарлады ШҚО төтенше жағдайлар департаментінен.

Ауа райы қолайлы болған жағдайда отты тек ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта, арнайы бөлінген орындарда және үнемі бақылауда ұстап қана жағуға рұқсат беріледі.
Сонымен қатар құрғақ өсімдіктердің үстіне, ағаштардың көлеңкесіне, жанғыш материалдың астына мангал, барбекю немесе гриль қоюға қатаң тыйым салынған. Сондай-ақ саяжай учаскелерінде немесе табиғат аясында отты өшірмей қалдыруға болмайды.
— Кәуәпты ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 10 метр қашықтықта ғана пісіруге болады. Одан кейін кемінде 10 литрлік ыдысқа құйылған су немесе өрт сөндіргіш құрал болуы шарт. Осы талаптарды бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ауыл шаруашылығы жерлерінде құрғақ шөпті жаққандар, сабан өртегендер және орман алқаптарындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандар да жауапкершіліктен жалтармайды. Жыл басынан бері облыста рұқсат етілмеген жерде от жаққан 32 адам анықталды, — делінген ақпаратта.

«Халықтың жағдайын неге ойламайды?»
Алайда бұл талаптарға қатысты өскемендіктердің пікірі екіге жарылды. Бірі қауіпсіздікті құптаса, екіншілері ереженің тым қаталдығын айтты.
— Жыл сайын жазды тосып жүреміз. Себебі саяжайға барып демалғанды көңілім сүйеді. Кәуәп жегенді де жақсы көремін. Егер мен өз саяжайымдағы құрылыстардан 10 метр алыстасам, онда көршімнің ауласына тап боламын. Ал менің мангал орнатқан жерім бетонмен жабылған. Сонда қайда баруым керек?! — дейді Бахтияр есімді қала тұрғыны.
Ал Ақылжан Мухановтың айтуынша, ондай қашықтықты саяжайда сақтау мүмкін емес.
— Онда мангалды көршіңнің үйінің жанында жағу керек болады. Себебі саяжайлар жері — 5-6 сотық қана. Заңдағы бұл талаптар — айыппұл салу үшін ғана жасалған сияқты. Неге халықтың да жағдайын ойламасқа?! — дейді ол.
Басты мақсат — айыппұл салу емес
Жұрттың шағымына ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы Марина Лискова жауап берді.
— Құтқарушылардың басты мақсаты — азаматтарға айыппұл салу емес. Керісінше, өрттің алдын алу және сіздердің дүние-мүліктеріңізді қорғау, — дейді ол.

2021 жылдың мамыр айында Риддер қаласында болған алапат өрт те табиғат аясында демалғандардың мангалдан қалған шоқты орманға тастап кеткенінен шыққаны белгілі.
Соның салдарынан қызыл жалын Лесхоз елді мекеніне жайылып, 30 үй жанып, екі адам қаза болған еді.
— Сол үшін жауапкершілікті түсіне білейік. Заң талаптарын бұзбайық. Өрт қауіпсіздігін сақтау — бәріміздің ортақ міндетіміз! , — дейді Марина Лискова.
Еске салсақ, осыған дейін Ертіс бойы орман шаруашылықтарының өртке қарсы әлеуеті әлсіз екенін жазғанбыз.