Өскеменде су құбырының тесілуінен тұрғын үйлердің қабырғалары жарылып жатыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласындағы Защита шағын ауданындағы бірнеше жер үйдің қабырғаларында жарық пайда болды. Тұрғындардың айтуынша, бұған коммуналдық желілердегі апат әсер еткен.

қабырға, жарық
Фото: pixabay.com

Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда үй қабырғасындағы жарықтар байқалады. Катонқарағай көшесінің тұрғындары мұндай жарықтар бір емес, бірнеше үйде пайда болғанын алға тартып отыр.

Кейбір тұрғындардың айтуынша, жарықтар уақыт өткен сайын ұлғайып барады. Олар бұған су құбыры желілеріндегі коммуналдық апат себеп болуы мүмкін деп болжайды. Бұған дейін үйлердің маңында суға толған шұңқыр пайда болған.

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов оқиға орнына барып, зақымданған үйлерді қарап шықты.

– Үйлерге толық техникалық тексеру жүргізіп, олардың қазіргі жағдайын бағалау қажет. Арнайы комиссия қысқа мерзімде тиісті қорытынды жасауы тиіс, – деді қала басшысы.

Оның айтуынша, қазір зақымданған үйлердің бірінде тұру қауіпті болуы мүмкін. Қалалық әкімдіктен техникалық тексеру аяқталғаннан кейін ары қарай қандай шаралар қабылданатыны жөнінде шешім қабылданатынын хабарлады.

Еске салсақ, осыған дейін Оралда апатты үйі сүрілген тұрғындар неліктен баспана ала алмай отырғаны жайлы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар