Өскеменде су тасқыны болмайды - ҚР ТЖМ басшысы В. Божко

АСТАНА. 12 ақпан. ҚазАқпарат - ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың пайымдауынша, қар қалың түскен Өскемен қаласына алдын ала есептеулер бойынша су тасқыны қаупі жоқ.
None
None

Бұл туралы министр бүгін Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, қалада 80 сантиметрге жуық қар түсіп, жолдарды басып қалған. Осы орайда төтенше жағдай тәртібі енгізілді. Қазіргі кезде қаланы қардан тазарту жұмыстары күшейтілген тәртіпте жүзеге асырылуда.

«Біз су тасқыны жағдайы орын алмас үшін барлығын істейміз. Атап айтқанда, қаладан қар шығарылады», - деп нақтылап өтті В. Божко.

Оның айтуынша, қардың ұзақ мерзімде түсуі мен оның жолдардағы қозғалысқа кедергі жасауы қаладағы азық-түлік тапшылығана әкелмейді.

ТЖМ басшысының айтуынша, жалпы болуы мүмкін су тасқынының алдын алу шаралары тұрғысында еліміз бойынша тиісті дайындықтар жүргізілуде. «Біз айтарлықтай белсенді дайындалып жатырмыз. Осы орайда тиісті оқу-жатығулар жүргізіліп, құрылымдарды тексерудеміз, сондай-ақ жолдар тазартылып, қауіпті учаскелерді анықтап жатырмыз», - деп түсіндірді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, кеше кешқұрым Өскемен әкімі Серік Тәукебаев ауа райының қолайсыздығы салдарынан орын алған жағдайға байланысты «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының эфирінде тұрғындарға жедел ақпарат таратты.

Әкімнің баспасөз қызметінен хабарланғандай, Серік Тәукебаев өзінің жедел ақпаратында атап өткендей, соңғы күндері Шығыс Қазақстан облысында және қалада толассыз қар жауып, қатты боран ұйытқуда, оған қоса ауа температурасының төмендеуі тіркелуде. Синоптиктердің болжамы бойынша, бұндай ауа райы әлі бірнеше күнге созылады.

Жағдай облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жіті қадағалауында. Облыста және Өскеменде ТЖД штабы құрылып, жұмыс істеуде.

Кеше қала әкімі-Өскемен Азаматтық қорғаныс штабының басшысы табиғаттың салдарынан орын алатын ТЖ-ны жою бойынша шаралар жөнінде бұйрыққа қол қойды.

Осыған байланысты жедел қалалық қызметтер, коммуналдық ұйымдар күшейтілген тәуліктік жұмыс режиміне көшті.

Соңғы жаңалықтар