Өскеменде суға батып бара жатқан 5 жасар баланы студент құтқарып қалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында ата-анасының қарауынсыз қалған бүлдіршін суға ағып кете жаздады.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, оқиға қаладағы Үлбі өзенінде болған. Ерасыл Омарханов суға батып бара жатқан баланы кездейсоқ көріп қалып, дереу көмекке ұмтылған. Осылайша, ол сын сағатта абдырап қалмай, қаршадай баланы ажалдан арашалап қалды.
- Белгілі болғандай, бүлдіршін әпкесімен өзен жағасында ойнап жүрген. Кенет суға құлап, ағын оны алып кете жөнелді. Ерасыл дер кезінде көмекке келіп жеткен, - делінген ақпаратта.
Ерасыл Омарханов Өскемендегі Қазақстан-Америкалық Еркін университетінің студенті.
- Өзімді ерлік жасадым деп санамаймын. Менің орнымда болса кез келген адам осылай істер еді, - дейді ол.
Осы ретте, ШҚО ТЖД ата-аналардан балаларын су жағасында қараусыз қалдырмауды сұрайды.
Еске салсақ, осыған дейін Павлодарда өрт сөндірушілердің жалын ішінен 3 баланы құтқарғаны жайлы жазғанбыз.