Өскеменде суретші әрі қолөнерші жігіт полиция қатарында қызмет етіп жүр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында тәртіп күзетінде жүрген полицей Данияр Байжумин сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Ол — адам портретін айнытпай салатын суретші, кәдеге жарайтын кәдесыйлар жасайтын қолөнерші, күмбірлетіп күй шертетін домбырашы. Учаскелік полицейдің есінен танып, эпилепсия ұстамасы басталған әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, аман алып қалғаны да бар.

полиция
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Данияр Байжумин 1987 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында педагогтар отбасында дүниеге келген.

Әкесі алғашқы әскери дайындық пәнінің, ал шешесі бастауыш сынып мұғалімі болған. 

сурет
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Суретшілігім 4 жасымнан байқалды. Алғаш рет трактордың суретін салғаным есімде. Бұл қабілет маған әкемнен дарыды. Мектепте соңғы партаға отырып алып, үнемі сурет салатынмын. Үйде де қолымнан қарындаш пен дәптер түспейтін. 9 сыныпта жаңа мектепке көштік. Ол кезде қазіргідей баннер шығаратындар жоқ. Әкем маған „Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің суретін салып берсең“ деді. Салдым. Сәтті шықты. Оны мектеп дәлізіне іліп қойды. Майлы бояумен салған суреттерімнің көрмесі де өткен», — дейді ол. 

Есейе келе суретті тек қарындашпен салатын болыпты. Әсіресе адам портреттерін бейнелегенді жақсы көреді.

Одан бөлек, ағашты пышақпен ойып кәдесыйлар жасайтыны бар. 

Оның ішінде домбыра кәдесыйын асқан ептілікпен жасап, туған-туыс, дос-жаранға сыйға тартады. 

«Домбыраның масштабы қандай болса, кәдесыйды тура сондай қылып жасаймын. Мойнының жіңішкелігі, үкісін тағу, шегін, пернесін тоқу — бәрі тура домбыраның масштабына келтіріліп істеледі. Дүкендердегі мойны жуан, сүйкімі қашқан домбыра кәдесыйларын көргенде қарным ашады», — дейді Данияр Байжумин.

Тарбағатайлық азамат музыкадан да қара жаяу емес. Домбырамен күй шертіп, гитарамен ән айтатыны бар.

Отырыстардың, жиын-тойлардың көркін қыздырып жүреді. Ал қыста аулада, балалары оқитын мектеп алдына қардан сан алуан кейіпкерлердің мүсіндерін жасайды. 

Аяз ата мен аққаланы көрген балалар алғыстарын жаудырып, мәз-мейрам болып жатады. 

«Әйелім ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Жетінші сыныпты бітірген үлкеніміз спорт мектебінде оқиды, велоспортқа қатысады. Ал кенжеміз екінші сыныпты тәмамдады. Екеуінің суретшілік өнері әзірге байқалмайды. Бәлкім есейе келе қабілеттері оянар», — дейді тәртіп сақшысы. 

Қазір өзі суретті қаламмен салу методикасына көшкен. Түрлі танымал адамдардың бет-бейнесін салып жүр.

«Оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаймын. Бір суретке 20-30 минут уақыт кетеді. Сурет салсам ерекше демалып, көңіл-күйім көтеріледі. Күйбең тірліктің бітпейтін мәселелерін, қауырт қызметтегі ауыртпалықтарды ұмытып, шаршағаным басылып, бір рахаттанып қаламын», — дейді Данияр Байжумин. 

2010 жылдан бері полиция қызметкері болып жұмыс істеп келеді.

Ал 2020 жылдан Өскемен қалалық полиция басқармасы Ертіс полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқаруда.

сурет
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Былтыр ол әйел адамды ажалдан арашалап қалған. Оқиға былай болыпты. 

Кешкі уақытта «102» арнасына қоңырау түседі. Данияр Байжумин әдеттегідей полицияның тірек пунктіндегі жұмыс орнында болған.

Шақыртуға барғанында оны қарсы алған әйел кенет есінен танып, эпилепсия ұстамасы басталады. 

Сын сағатта әр секундтың маңызын білетін полицей қала тұрғынының жағдайын бағалап, дәрігер келіп жеткенше дереу алғашқы медициналық көмек көрсетуге кіріседі.

Ес-түссіз әйелді бүйірімен жатқызып, қолда бар құралдармен иегін ашып, тыныс алу жолдарын босатқан.

Біраз уақыттан кейін әйел адам есін жиып, ұстамасы тоқтап, тыныс алуы қалпына келген. Осы кезде жедел медициналық жәрдем қызметкерлері де келіп жеткен.

Жұмысына жауапты, достыққа адал азамат ұжымдағы әріптестері арасында сыйлы. Қандай да бір қиындыққа тап болған халыққа көмекке келіп, елдің алғысына бөленіп жүр. 

«Әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке тілеймін. Ел тыныштығын күзетіп жүрген қызметтеріңіз табысты, жемісті болсын!», — деп өз сөзін түйіндеді полицей. 

портрет
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

 

Соңғы жаңалықтар