Өскеменде тексерілген автобустардың жартысында экологиялық талаптар сақталмаған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Өскемен қаласында тексерілген әрбір екінші автобус экологиялық бақылаудан өте алмады.

машина, авто, выхлопные газы, выхлопы
Фото: Kazinform

ШҚО Экология департаментінің мамандары «Октябрьская» және «Пристань» аялдамаларына тоқтаған дизельмен жүретін автобустарды тексерді.

Күн сайын жүздеген жолаушыны тасымалдайтын, негізгі көшелермен жүретін қоғамдық көліктерге ерекше назар аударылды. Барлығы 20 автобус тексеріліп, оның жартысында түтіннің рұқсат етілген мөлшерден асуы тіркелді.

— Аспаптық өлшеу жұмыстары дизель қозғалтқыштарының экологиялық көрсеткіштерін реттейтін ҚР СТ 1433-2023 ұлттық стандартына сәйкес келетін жабдықпен жүргізілді. Қоғамдық көліктер — адам көп жиналатын жерлердегі ауа сапасына ерекше әсер ететін қозғалмалы ластаушы көздер, — дейді департамент мамандары.

Ведомство мәліметінше, экологиялық нормаларды бұзған автобус иелеріне заң шеңберінде тиісті шаралар қолданылады.

Тексеру жұмыстары шілде айының соңына дейін жалғасатын «Таза ауа» акциясының аясында жүргізілді. Жоспар бойынша тек автобус емес, басқа да экологиялық талаптарды бұзатын көлік түрлері тексеріледі.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО тұрғыны экологиялық куәліктен бас тарту туралы шешімді сот арқылы заңсыз деп танытқаны жайлы жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар