17:29, 16 Қараша 2022 | GMT +5
Өскеменде терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген оқушы ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы жылғы 8 қарашада Өскемен қаласы білім беру бөлімінің электрондық мекенжайына қаланың 6 мектебін жару қаупі бары жөнінде хат келіп түсті. Тексеріс барысында ақпарат расталмады, жарылғыш заттар анықталмады, деп хабарлайды Polisia.kz
Терроризм актісі туралы көрнеу жалған хабарлама үшін облыстық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. 15 қарашада жедел-іздестіру іс-шаралары барысында департаменттің Эктремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесе отырып, жалған хабарлама үшін қаланың бір мектебінің 9-сынып оқушысы анықталып, ұсталды.
Оқушы мектептегі тестілеуге дайын болмағандықтан, осындай әрекетке барған. Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл (бүгінгі күні 15,9 млн теңге) не болмаса осы мөлшерде түзету жұмысына, сондай-ақ бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу немесе айыру жазасына тарту көзделгенін ескертеді.