Өскеменде заңсыз такси қызметін көрсеткен шетелдік ұсталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында заңсыз жолаушы тасымалдап жүрген Өзбекстан азаматы жауапқа тартылды.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары шетелдік азаматты тоқтатқан. Құжаттарын тексеру кезінде жүргізуші жолаушыларды мобильді қосымша арқылы ресми рұқсатсыз тасымалдағаны белгілі болды.
— Тексеру барысында көрші мемлекеттің азаматы Қазақстанға келгені және рұқсатсыз жеке көлігімен такси қызметімен айналысқаны, сол арқылы көші-қон мен еңбек заңнамасын бұзғаны анықталды. Аталған факті бойынша әкімшілік іс қозғалып, құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабымен жауапкершілікке тартылды. Жиналған материалды полицейлер сотқа жіберді, — делінген ақпаратта.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында заңсыз жұмыс істеген 30-дан астам шетелдік азамат анықталған. Сот шешімімен олардың әрқайсысына 25 АЕК (98 300 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар жұмыс берушілер де жауапқа тартылып, 30 АЕК (117 960 теңге) көлемінде айыппұл арқалады.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда заңсыз еңбек мигранттары ұсталғаны хабарланған.