20:31, 16 Қаңтар 2021 | GMT +6
Өскеменде зейнеткердің пәтерін жалдаған ер адам 2 млн теңгесін ұрлап кеткен
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында зейнеткердің пәтерін жалдаған ер адам 2 млн теңгені жымқырып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қаңтар айының басында «102» арнасына 80 жастағы қарт кісі хабарласып, пәтер жалдаушысының сандықтағы 2 миллион теңгесін ұрлап, онымен қоймай қолынан ұялы телефонын жұлып алғанын айтып шағым түсірді.
«Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері бұрын сотталған 46 жастағы күдіктіні ұстады. Тұрақты жұмыс орны жоқ ер адам өз кінәсін мойындап отыр. Ақша мен телефон зейнеткерге қайтарылды», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Қазіргі уақытта оған қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 191-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.