Өскеменде жер үйде өрт шығып, 2 газ баллоны жарылды
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 25 тамызда таңғы сағат 9.00 шамасында Сиреневая көшесінде болған.
Жеке тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен соң құтқарушылар шұғыл аттанған. Олар жеткенге дейін 2 газ баллоны жарылған. Бірі үйдің кіреберісінде, екіншісі шатырында болған.
«Үй иелері әуелі өртті өз бетімен өшіруге талпынған. Нәтиже болмағаннан құтқарушыларға қоңырау шалған. Міне, осының салдарынан қызыл жалын 100 шаршы метр алаңға лезде жайылып кетті. Үй ішінде болған әйел мен оның екі ересек ұлы терезеден сыртқа шығып үлгерді. Олардың денсаулығына ешқандай залал келген жоқ», - дейді департаменттің баспасөз хатшысы Марина Лискова агенттік тілшісіне.
Көп ұзамай қызыл жалын толықтай ауыздықталды. Өртті өшіруге 4 техника мен жеке құрамнан 14 адам жұмылдырылған. Қазіргі уақытта оттың шығу себебі анықталып жатыр.
Осыған дейін ШҚО-да тұрмысы төмен 2700-ден астам отбасында үйдің жылыту маусымына дайындығы тексерілгенін хабарлаған едік.