Өскеменде жол апаты екі жарым есе артты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында жыл басынан бері жол апатынан 414 адам зардап шекті.

Осы жылдың 5 айында қала бойынша 300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артып отыр.
Жол апатынан 414 адам түрлі дене жарақатын алған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында Өскемен қаласы Полиция басқармасының бастығы орынбасарының міндетін атқарушы, полиция майоры Еркін Саттыбаев мәлім етті.
- Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін полиция қызметкерлері жол белгілері мен жарықтандыру жүйесінің жағдайын тексеріп, жол ережелерін өрескел бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартып жатыр. Шаһар бойынша жүргізушілерге жол қозғалысы ережелеріне қатысты жадынамалар таратылып, әлеуметтік желілерде оқыту мақсатындағы бейнероликтер де жарияланды, - деді ол.
Сонымен қатар мектептерде, базарларда және сауда орталықтарында жолдағы қауіпсіздік туралы түсіндіру жұмыстары қолға алынған.
Еске салсақ, осыған дейін елордада көлік басқарып келе жатқан жүргізуші кенеттен қайтыс болғаны хабарланған.