Өскеменде жолдарды жөндеуге битум жетіспей жатыр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Битум жетіспеуі салдарынан Өскемен жол жөндеушілерінің жұмыстары кешеуілдеп қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өскеменде жолдарды жөндеуге битум жетіспей жатыр

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асқар Жақсылықовтың айтуынша, битум жеткізу бойынша бірқатар мәселелер туындаған. Өйткені, жеткізу Павлодар мұнай өңдеу зауыты тарапынан кешіктіріліп жатыр.

Келісімшарт жасап, ақысын төлеп қойған жергілікті асфальт зауыттары қажетті битумды ала алмай отыр. Биыл Өскеменде 20-ға жуық көшеде жабындылар ауыстырылады. Бүгінгі таңда 70 пайыздан астам негізгі жұмыстар атқарылды. Әуезов даңғылынан бастап Славский жағалауы, ҰОС мемориалына дейінгі аралық, қалқыма көпірден Ахмировқа дейінгі Тоғас көшесі, сондай-ақ, Сәтпаев даңғылына дейінгі аралық қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«Бұдан өзге қазіргі уақытта Жібек жолы, Астана және Протозанов көшелерін қайта жөндеу бойынша байқау жарияланды. Биыл сонымен қатар, аулалар мен кіреберіс жолдарын жөндеу жоспарланып отыр, бұл мақсатқа бюджеттен 150 млн теңге бөлінді», - деді Асқар Жақсылықов.