Өскемендегі балалар үйірмелерінің жабылып қалу қаупі бар ма

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскеменде ата-аналар мектептердегі тегін шығармашылық үйірмелердің жабылып қалуына алаңдап отыр.

балалар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Әлеуметтік желіде қаладағы кейбір жалпы білім беретін мектептерде осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген үйірмелердің жабылайын деп жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл үйірмелерде жүздеген бала вокал, би, аспаптарда ойнау және басқа да шығармашылық бағыттар бойынша еш ақысыз оқып келген.

Мұндай үйірмелер №15, №24 және №33 мектептерде болды. Қазіргі уақытта №15 және №24 мектептердегі үйірмелерді басқа ғимаратқа көшіру жоспарланып отыр екен.

- Қызым №15 мектептегі үйірмелерге қатысып жүргеніне екі жыл болды. Үйге жақын, тегін әрі мұғалімдері де білікті. Енді бізді қаланың арғы шетіне жіберіп жатыр. Бұл өте ыңғайсыз, - дейді қала тұрғыны Анна Мамаева.

Кейбір ата-аналар үшін үйірменің басқа жерге көшуі қолжетімділік жағынан қиындық тудырады.

- Бұл осы маңдағы балалардың шығармашылықпен айналысатын жалғыз орны еді. Енді оны жөндейміз деген сылтаумен басқа жаққа ауыстырып жатыр, - дейді тағы бір ата-ана.

Алайда қалалық білім бөлімінің мәліметінше, үйірмелер жабылмайды және тоқтатылмайды, тек инклюзияны қолдау кабинеттерін (ИКК) кеңейтуге байланысты мектеп ішіндегі бөлмелер қайта бөлінбек.

- Норматив бойынша осындай сыныптарда 10-нан артық бала оқи алмайды. Олардың әрқайсысына жеке тьютор қажет. Сондықтан арнайы бейімделген бөлмелер керек. Өнер үйірмелері осы уақытқа дейін мектеп ішіндегі кабинеттерде өткізілсе, енді бұл бөлмелер оқу процесі үшін қажет болып отыр, - деп түсіндірді бөлім басшысы Дина Шәріпова.

Оның айтуынша, барлық үйірме мұғалімдері мен топтар Протозанов көшесі, 37 мекенжайындағы күрделі жөндеуден өткен «Жұлдыз» балалар өнер мектебі ғимаратына көшіріледі. Мұнда сабақтар бұрынғыдай бюджет есебінен қаржыландырылады. Жаңа ғимаратта домбыра, вокал, хореография, театр, қолданбалы және бейнелеу өнері бағыттарындағы үйірмелер сақталады.

- Біз барлық үйірмені сақтап қаламыз. Керісінше үйірмелер түрін кеңейтеміз әрі қолжетімділікті қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар оқушыларға қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр, - деп хабарлады Өскемен қаласы әкімдігінен.

Еске салсақ, осыған дейін енді мектептердегі қаржылық төлемдерге онлайн-мониторинг жүргізілетіндігі хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар