Өскемендегі экологиялық бюро кәсіпорындарды бақылауды бастады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында жаңадан құрылған экологиялық бюро кәсіпорындарды бақылауды бастады.

Соңғы уақытта жергілікті халықтың ауа сапасына қатысты шағымдарының көбеюіне байланысты «Казцинк» ЖШС-нің Өскемен металлургиялық алаңында тексеріс басталды.
Қазір кәсіпорынды экология департаментінің, прокуратураның, төтенше жағдайлар департаментінің және басқа да органдардың өкілдері тексеріп жатыр. Шығарындылардың көздері мен көлемі анықталуда.
– Соған орай біз, қоғам белсенділері жағдайдың қалай болып жатқанын бақылауды жөн көрдік. Бұл тексеріс жүргізіліп жатқан алғашқы компания. Мұндай тексерістер барлық ірі кәсіпорындарда жүргізілуі керек деп ойлаймын. Тексеру нәтижелері бір айдың ішінде белгілі болады, - дейді «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының жетекшісі Елена Березинская-Абилова.
Айта кетейік, қалада орналасқан 60 шақты өнеркәсіптік нысанның ішінде тек «Казцинк» құзырлы ведомствоға шығарындыларды тікелей көздерден өлшеу үшін меморандумға қол қойған.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі экологиялық бюро ресми түрде жұмысын бастағаны хабарланған.