Өскемендегі Гематология орталығының құрылысы неге созбалаңға салынып кетті

ӨСКЕМЕН.KAZINFORM – Шығыс Қазақстанда Гематология орталығының құрылысы бес жылдан бері аяқталмай келеді. Әуелі бұл медициналық мекеме 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Алайда жоба ұзаққа созылып кетті. Бұған не себеп және дәл қазір құрылыс неліктен тоқтап тұр? Kazinform тілшісі бұның жауабын біліп көрді.

Центр гематологии в Усть-Каменогорске: 5 лет ожидания
Фото: ШҚО Құрылыс басқармасы

Өскеменде Гематология орталығын салу туралы бастама алғаш рет 2016 жылы көтерілген. Дәрігерлер де өңірге сүйек кемігін трансплантациялау, күрделі генетикалық және жасушалық зерттеулер жүргізетін медициналық мекеме ауадай қажеттігін айтып келді. Әйтпегенде дерті дендеген науқастар Астанаға немесе шетелге баруға мәжбүр болып, алтын уақыттарын текке жоғалтатын.

Араға бір жыл салып, IT Engineering SA компаниясы мен облыстық «Парыз» қорымен серіктестік арасында меморандум жасалды. Сол кезде жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге аталған қордан 540 млн теңге бөлінді. Ал 2018 жылы жалпы құны 32 млрд теңгеден асатын жобаны мемлекеттік сараптама мақұлдады.

- Орталықта 103 төсек-орын қарастырылған. Онда балалар және ересектер стационары, сүйек кемігін трансплантациялау, лимфомаларды емдеу, сәулелік терапия бөлімдері, трансфузиология орталығы және генетикалық зертхана болады. Негізгі стационардан бөлек, күндізгі бөлім де жоспарланған. Сонымен қатар ауыр науқастар мен олардың ата-аналарына арналған 24 пәтерлік үш жұлдызды қонақүй деңгейіндегі пансионат салу көзделіп отыр. Техникалық блок пен медициналық газдарды сақтайтын алаң да қарастырылған. Жобаның жүзеге асу мерзімі - 2 жыл, - делінген сол кезде ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы жоба туралы алғаш жария еткен мәліметте.

Центр гематологии в Усть-Каменогорске: 5 лет ожидания
Фото: ШҚО Құрылыс басқармасы

Десе де қағаздағы жоспар мен шынайы жағдай екі түрлі болып шықты. 2020 жылдың көктемінде бас мердігер ретінде елордалық B&A Contractors SA компаниясы бекітілді. Жазда Өскемендегі құрылыс алаңына алғашқы техника келіп, жұмыс басталып кетті. Жобаның тапсырыс берушісі облыстық Құрылыс басқармасы болды.

Сол жылы бұл орталық халықаралық стандарттарға сәйкес салынып жатқан стратегиялық нысан ретінде өңірдің беткеұстар жобасы ретінде көрсетілді. Расында да әуелі жұмыс қарқын алып, іргетас құйылып, қабырғалар көтеріле бастады. Алайда көп ұзамай құрылыс жұмыстары тұралап қалды...

Центр гематологии в Усть-Каменогорске: 5 лет ожидания
Фото: ШҚО Құрылыс басқармасы

«Сақалды» құрылысқа қалай айналды?

2020 жылдың мамыр айында мердігер компания мен облыстық Құрылыс басқармасы орталықты салу жөнінде 31,6 млрд теңгеге келісімшартқа қол қойды. Кейін бұл соманың жеткіліксіз екені анықталды. Арада екі жыл өткен соң жобаға өзгеріс енгізуге тура келді. Бастапқы жобаның ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2020 жылғы 15 қазандағы «Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес келмейтіні белгілі болды.

- Осы бұйрыққа сәйкес нысанды Жоғары технологиялық көпсалалы медициналық орталық ретінде қайта бейіндеу қажеттілігі туындады. Негізгі бағыты - гематология болып қала береді, бірақ кардиология және кардиохирургия бағыттары кеңейтіліп, төсек-орын саны 146-ға дейін ұлғайды, - деп хабарлады ШҚО Құрылыс басқармасынан.

Центр гематологии в Усть-Каменогорске: 5 лет ожидания
Фото: ШҚО Құрылыс басқармасы

2022 жылдың сәуірінде жоба түзетуден өтті. Сол кезде тағы қиындық туындады. Нақты айтқанда, орталықтың құрылысына кететін шығын күрт өсіп, 72,3 млрд теңгеге дейін жетті. Бұған пандемиядан кейінгі құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп болған. Мердігермен келісімшарт қайта жасалып, ол бағаны бір млрд-қа төмендетті. Нәтижесінде түпкілікті сома 71,3 млрд теңгені құрады. Оның 28,4 млрд-ы медициналық жабдықтар сатып алуға бағытталған. Жұмыстың ауқымы артқандықтан, бастапқыда жоспарланған 2022 жылғы ашылу мерзімі іске аспай қалды.

Центр гематологии в Усть-Каменогорске: 5 лет ожидания
Фото: ШҚО Құрылыс басқармасы

Қаржылай қиындық

Жоба құнының күрт қымбаттауы тек өңір тұрғындарының ғана емес, бақылаушы органдардың да қызу талқысына түсті. Мәселеге Жоғарғы аудит палатасы назар аударды.

- Мемлекеттік аудит нәтижесінде Өскемендегі Гематология орталығының құны 2,25 есеге артқаны анықталды. Бұған құрылыс материалдарының қымбаттауы, жобаның қайта түзетілуі мен сметалық-нормативтік базаға қатысты олқылықтар себеп болған. Құрылысқа қатысты нормативтік-құқықтық актілерде жеткізуші кәсіпорындарды таңдауға арналған ашық әрі нақты критерийлер жоқ. Компаниялар есеп тапсырмағаны үшін жауапқа тартылмайды. Бұл өз кезегінде жобалардың қымбаттауына және бюджет қаражатының жұмсалуын бақылаудың әлсіреуіне әкеліп соғады, - делінген Жоғарғы аудит палатасының материалдарында.

Центр гематологии в Усть-Каменогорске: 5 лет ожидания
Фото: ШҚО Құрылыс басқармасы

Соның салдарынан құрылыс қаржылай тығырыққа тірелді. Смета қайта қаралған соң, жергілікті билік барлық қосымша шығын облыстық бюджет есебінен жабылады деп мәлімдеді. Алайда сол кезде-ақ өңір қазынасының мұндай зіл батпан шығынды көтере алмайтыны айдан анық-тұғын.

Республикалық мәртебе берілді

2023 жылдың қыркүйегінде Гематология орталығы республикалық маңызы бар жоба мәртебесін алды. Алайда құрылыс жұмыстарын толық аяқтау үшін қосымша тағы 43 млрд теңге қажет болды. Бірақ бұл соманы бірден табу республикалық бюджет үшін де оңайға соққан жоқ.

Бухтарминское водохранилище, мост
Фото: ШҚО ақпарат орталығы

2023 жылдың қазанында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәжілісте жаңа редакциядағы Бюджет кодексі жобасын таныстыру кезінде келешекте мұндай шығындардың негізгі ауыртпалығы жергілікті бюджеттерге жүктелетінін атап өтті. Тек ел көлеміндегі маңызды инфрақұрылымға қатысты жобалар ғана республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

- Қалған жобалар бойынша қаржыландыруды жергілікті бюджет өз мойнына алады. Біз жергілікті бюджеттердің әлеуетін арттырып, салықтың бір бөлігін сол жерге беруді көздеп отырмыз, - деді ол.

Қаржы мәселесі осылай талқыланып жатқанда өңірдегі аурушаңдық көрсеткіші өсе берді. 2023 жылдың алғашқы алты айында онкологиялық және қан айналымы жүйесі ауруларының күрт көбейгені тіркелген. Яғни, Гематология орталығының Шығыс Қазақстан үшін маңызы арта түсті. Бірақ қаражат мәселесі әлі де шешімін таппаған.

Президент пәрмені нүкте қойды

Талайды толғандырған түйткілдің түйінін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарқатты. Төртінші Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы нақты тапсырма берді: құрылысы тоқтап қалған орталықты салу керек. Осыдан кейін 2025 жылдың наурызында Үкімет Гематология орталығын аяқтауға қажетті 33,6 млрд теңгені бөлді. Бұл қаражат жемқорлық істері бойынша мемлекетке қайтарылған активтерден құралған арнайы мемлекеттік қордан алынды. Бүгінде құрылыс алаңында жұмыс қайта жанданып, белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Центр гематологии в Усть-Каменогорске: 5 лет ожидания
Фото: ШҚО Құрылыс басқармасы

- Қазіргі уақытта әрлеу мен инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен қатар аумақты абаттандыру және сыртқы қоршауларды орнату жұмыстары қатар қолға алынған. Құрылыс алаңында 267 маман жұмыс істеуде. Медициналық мекеменің дайындық деңгейі 80 пайыз шамасында. Құрылысты 2025 жылдың желтоқсанында толық аяқтау жоспарланып отыр, - деп хабарлады ШҚО Құрылыс басқармасынан.

Денсаулық сақтау министрлігі жобаны бақылауға алған. Екі апта сайын облыс әкімдігі мен мердігер компаниялардың бірлескен жиналыстары өткізіліп отырады.

Центр гематологии в Усть-Каменогорске: 5 лет ожидания
Фото: ШҚО Құрылыс басқармасы

- Бұл орталықты уақытылы іске қосудың маңызы зор. Біз оны толықтай заманауи медициналық жабдықтармен жабдықтау жағын қарастырып жатырмыз. Атап айтқанда, ангиографиялық жүйелер, екі проекциялы МРТ аппараты, 256-срезді компьютерлік томограф орнатылады, - деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы ауылда шұғыл көмекке зәру науқас Өскеменге тікұшақпен жеткізілгені хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар