Өскемендегі зауытта апат болды – фейк
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласындағы зауытта апат болғаны жайлы ақпарат жалған болып шықты.

Бүгін әлеуметтік желіде Өскемендегі «Казцинк» ЖШС-ға қарасты зауытта апат болғаны, соның салдарынан қаладағы ауа сапасының күрт нашарлап кеткені жайлы ақпарат тарады.
Алайда ол шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінен мәлім етті.
«Казцинк» ЖШС зауытында апат болғаны туралы мәлімет — жалған. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сеніп, тексерілмеген ақпаратты таратудан аулақ болуға шақырамыз. Халықты адастыратын көрінеу жалған ақпаратты таратқандар заң шеңберінде жауапқа тартылатынын ескертеміз», — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Өскеменде ауа сапасының нашарлауына қолайсыз метеорологиялық жағдайдың қалыптасуы себеп болып отыр. Соған байланысты 28 қарашада оқушылар мектепке бармайтын болды.