Өскеменде жаңа мектептер салынып жатқанына қарамастан орын тапшылығы әлі өзекті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен тұрғындары үйлерінің жанындағы мектептерде орын болмаған соң, балаларын өзге мектептерге тасуға мәжбүр. Тұрғындар жаңа мектептердегі орын тапшылығы мәселесіне шағымданып отыр.

Өскемендегі жаңа мектептерде орын тапшылығы толық шешілмеген
Фото: Ботагөз Кенжеханқызы

Баланың көптігі сапаға әсер етеді

Қаладағы 19-тұрғын аудан - құрылыс жұмыстары ең қарқынды жүргізіліп жатқан аумақтардың бірі. Жаңа үйлерге көбіне жас отбасылар қоныстанып жатыр, мұндағы мектептер оқушыларға лық толы. Сондықтан ата-аналар баласын мектепке берерде он ойланып, жүз толғанады. 

Бұрын №46 мен №48 мектеп болған. Содан соң №40 және №41 мектептер салынды. Алайда бұл мәселені түпкілікті шешпеді. 

- Біз №46 мектепке жақын тұрамыз. Бірақ онда бала көп деген соң біразымыз алыс болса да, басқа мектепке баруды ұйғардық. Себебі бала тым көп болса, оқу сапасының да нашарлайтыны белгілі. Әсіресе вирустық инфекциялар тараған сәтте уайым күшейеді, - дейді Есенберлин даңғылында тұратын ата-аналардың бірі.

Ал кейбіреулер керісінше алыстағы мектепке баруы тиіс екен.

- Биыл баламды қай мектепке беремін деп бір ай жүрдім. Тұрғылықты мекенжайымыз бойынша №41 мектепке баруымыз керек екен. Бірақ ол бізге алыс. Сол үшін бала саны көп болса да, жақынырақ тұрған №46 мектепке бердім, - дейді Әйгерім есімді шағын аудан тұрғыны.

Сабақ кестелері ұйымдастырылған

Ата-аналардың шағымынан кейін №46 орта мектебінің директорымен кездесіп, мәселенің мән-жайын сұрап көрдік.

- №46 мектептің жобалық сыйымдылығы - 1000 орындық. Қазір мектепте екі ауысымда 2000 бала сыйып тұр, ал жалпы оқушы саны – 2387, яғни 387 бала артық. Бірақ бастауыш сыныптардың сыртқа шығатын есігі бөлек. Сабақ кестелері дұрыс ұйымдастырылған, - деді мектеп директоры Гулфарида Ауғанбаева.

Оның айтуынша, Өскемендегі 19-шы тұрғын ауданда көпбалалы отбасыларға берілген үйлер көп. Сол үйлердегі балалардың басым бөлігі осы білім ордасына келеді. 

- Былтыр мектебімізде 2680 оқушы болды. 412 бала екі жаңа мектепке ауысты. Ал Әл-Фараби көшесіндегі екі үйдің балаларымен қосылып, биылғы оқушы саны 2387 болды, - деді мектеп басшысы.

Осы ретте, ШҚО Білім басқармасына да хабарласып көрдік. 

Белгілі болғандай, №46 мектепте 1-сынып 13-ке бөлінген. Ал осы шағын ауданда жаңадан ашылған екі мектепте 1-сыныптан алты параллель сыныпқа дейін оқиды. 

- №40 және №41 мектептердің ашылуы №46 мектептің жүктемесін азайтты. Жалпы қала бойынша сыйымдылығынан асып кеткен 4 мектеп бар, олар 825 орынға артық бала қабылдап отыр, - делінген басқарма жауабында. 

Ата-аналардың жаңа мектептерге көшуге деген ынтасы жоғары болған. Соның нәтижесінде биыл пайдалануға берілген 600 орындық №40 орта мектепте 1083 оқушы, ал дәл сондай қуаттағы №41 мектепте 905 оқушы білім алып жатыр.

Қорыта айтқанда, 19-шағын ауданда жаңадан салынған мектептер лезде балаға толып кетті. Сонда да №46 мектептегі оқушы саны сыйымдылығынан асып отыр. Ал құрылысы қарқынды ауданға көшейін деп буынып-түйініп отырған отбасылар әлі де аз емес. Демек, мұнда тағы жаңа мектептердің салынуы құптауға тұрарлық іс. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысында үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешілендігі туралы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар