Өскемендік Эльмира Төреханова әйелдерге торт пісіруді тегін үйретіп жүр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өзін ғана емес, өзгені де ойлайтын, алтын уақытын басқаларға көмектесуге арнайтын еріктілер қандай құрметке де болсын лайық. Өскеменде тұратын Эльмира Төреханова көпбалалы ана болса да ерікті ретінде талай шараға белсенді қатысып келеді. Кондитерлікпен айналысатын оған түсетін тапсырыс та көп. Әйелдерге торт пісіруді тегін үйретіп, олардың табыс табуына мүмкіндік жасап келе жатқаны тағы бар. Оны әңгімеге тартып, осының бәріне қалай үлгеретінін сұрап көрдік.

— Кондитерлік өнімдерді әзірлеп келе жатқаныңызға қанша жыл болды? Қандай өнімдер жасайсыз?
— 2020 жылдан бері жасап келемін. Торт, печенье мен түрлі десерт жасаймын. Бірақ негізінен тортқа тапсырыс түсіп жатады. Клиенттерім көбінесе «Қызыл барқыт», «Сүтті қыз», «Вупи пай» және «Сникерс» торттарын алады.
— Кәсібіңізді дөңгелету үшін мемлекеттен қандай да бір қаржылай көмек алып көрдіңіз бе?
— Иә. 400 АЕК. Ол дегеніміз 1 млн 225 мың теңге. Бұл 2023 жылы. Соған керек-жарақтарымды алып, кәсібімді ары қарай дөңгелетіп әкеттім.

— Өнімдеріңізді қалай саудалайсыз?
— Әлеуметтік желілер арқылы жарнамалаймын. Одан кейін Whatsapp мессенджері арқылы әр түрлі топтарға таратамын. Әрине басында көрші-қолаң, тамыр-таныс қана тапсырыс беретін. Сосын ұнатқандар өздерінің жақындарына айта бастады. Сөйтіп, клиенттерім көбейе берді. Тапсырыс бергендерге тортты өз көлігіммен тегін жеткізіп беремін. Бәлкім сұраныстың көптігі содан да шығар.
— Өзіңіз көпбалалы ана екенсіз. Неше балаңыз бар?
— 4 балам бар. Екі қызым колледжде оқиды. Екі ұлымның бірі мектепте, бірі балабақшада. Негізі торт пісіруді әуелі үлкен қызым қолға алған. Оған көмектесіп жүріп өзім үйреніп кеттім. Кейін қызымның сабақтан уақыты болмай, торт пісіру менің кәсібіме айналды.

— Көпбалалы аналарға кондитерлік өнімдерді жасауды тегін үйретеді екенсіз. Сол жайлы айта кетсеңіз…
— «Жан аға» қоғамдық бірлестігінің мүшесімін. Өзіміздің кеңсеміз бар. Сонда аналар жиналамыз, ақылдасамыз. Түрлі қоғамдық шараларға ерікті ретінде белсенді қатысып келеміз. Маған хабарласқан әр адамның бетін қайтармай, қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Қайырымдылықты да қолға алып, мұқтаж жандарға ақша жинастырамыз.
Қазір көпбалалы аналардың басым бөлігінде қаржы мәселесі өзекті. Себебі жұмысқа шығып кетейін десе балаларын қарау керек. Сондықтан осындай курс ашуға бел байладым. Әйелдер торт пісіруді үйреніп, кейін тапсырыс алып, ақша табады. Осы уақытқа дейін 20-дан астам анаға үйреттім.
— Осының бәріне қалай үлгересіз?
— «Еңбек етсең емерсің» дейді қазақ. Ешқашан жұмыс істеуден жалықпау керек. Алдыңа мақсат қойып, соған жету үшін ұмтылу қажет. Артқа қарауға болмайды. Тек алға қадам басыңыздар. Адам істегенді адам істейді. Еңбек болса бәріне де үлгересіздер!