Өскемендік нумизмат әлемнің әр түкпірінен 500 тиынды қалай жинады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында тұратын Ильшат Исхаков әлемнің әр түкпірінен 500-ге жуық тиынды жеке коллекция қылып жинаған. Оның ішіндегі ең көнесі – осыдан 10 ғасыр бұрын Алтын ордада жасалған тиын. Коллекцияда Қазақстанның сирек кездесетін тиындары да баршылық. 15 қараша – Ұлттық валюта күніне орай Ильшат Исхаковты әңгімеге тартып көрдік.

а
Фото: Ильшат Исхаковтың жеке архивінен

— Түрлі тиындарды жинауға деген қызығушылығыңыз қалай басталды?

— Мектепте оқып жүрген кезімде филателиямен, яғни марка жинаумен әуестене бастадым. Сөйтіп, Павлодардағы филателистер клубына жазылдым. Клубта нумизматтар да болатын. Нумизматика дегеніміз — тиындардың, медальдардың және ақша айналымының тарихын зерттейтін ғылым. Сол жерде менің назарым тиындарға ауды. 

Себебі маркаларды ұстауға болмаса, тиындарды қолға алып, салмағын сезе аласың. Көне тиындарды көргенде тіптен таңқалдым. Бұл деген тарих қой. Оған мыңдаған жыл бұрын базарда біреу зат сатып алды немесе бір көпестің әмиянында сақталып келді. Соны ойлағанда одан сайын қызығамын. Осылайша, тиындарды жинап келе жатқаныма биыл 37 жыл болды. 

— Коллекцияңыздағы ең алғашқы тиыныңыз есіңізде ме? 

— Есімде. Бір күні әжемнің үйіне барып, одан «ескі тиындарыңыз жоқ па?» деп сұрадым. Сол кезде ол маған үш тиын берді. Осы тиындар коллекциямның бастамасы болды. Алайда көп ұзамай оларды жоғалтып алдым. Бірақ арада біршама жыл өткен соң сол тиындардың ең ерекшеcі маған қайта оралды. 1932 жылы Кеңес Одағында шыққан ол тиын қазір менің коллекциямның маржаны ғана емес, отбасылық мұраға айналған қымбат жәдігерім. 

а
Фото: Ильшат Исхаковтың жеке архивінен

— Жеке коллекцияңызда қанша тиын бар?

— Бүгінде 500-ге жуық түрлі тиын жинадым. Олардың барлығы үйімде тұр. 

— Ең көне және ең сүйікті тиыныңыз қайсысы?

— Тиындарымның ішіндегі ең қымбат бағаланатыны — 3,31 грамм салмақтағы қазақстандық «Алтын барыс» тиыны. Ең көне жәдігерім — Алтын Орда дәуірінде жасалған тиын. Оның жасы он ғасырдан асады. Ал ең сүйікті тиыным — Моңғолияда шығарылған ерекше тиын. Оның бетінде динозаврдың қаңқасы бейнеленген.

— Алтын Орда дәуірінде жасалған тиын туралы толығырақ айтып беріңізші. Ол қайдан және қалай табылды? 

— Көне түркінің көп күміс тиынын бір адамнан сатып алдым. Солардың арасында Самарқандқа жасалған Самонид фельсі табылды. Ол тиынның жағдайы нашарлау, бірақ шамамен 10-шы ғасырға жататыны анық.

а
Фото: Ильшат Исхаковтың жеке архивінен

— Коллекцияңызда Қазақстанның сирек кездесетін тиындары бар ма?

— 1993 жылдан 2012 жылға дейін шығарылған Қазақстанның барлық стандартты және естелік тиындарының толық дерлік жиынтығы бар. Бірақ мен ең алдымен тақырыптық коллекционермін. Негізгі қызығатын тақырыптарым: жануарлар, араб каллиграфиясы, мешіттер. Ал соңғы уақытта Алтын Орда дәуіріне назар аударып келемін.

Қазақстан тақырыбы да — параллельді бағытым. Себебі бірінші кезекте ол патриотизммен байланысты. Менің ойымша, біздің тиындар әлемде дизайн мен сапа жағынан ең үздіктердің бірі.

— Қазір ақша деген «виртуалды» болып барады. Халықтың көбі қолма қол ақша ұстамай, онлайн саудаға үйір. Бұл дегеніміз келешекте адамдардың тиындарға деген қызығушылығы азаяды дегенді білдіре ме?

— Әлем бойынша ескі тиындар өте-мөте көп. Сондықтан адамдар тіпті сауда кезінде тиынмен төлеуден бас тартса да нумизматикаға қызығатындар үшін әлі де айналысатын дүние жеткілікті.

— Соңғы отыз жылдан астам уақытта теңгенің дамуын қалай бағалайсыз?

— Жоғарыда айтқанымдай, біздің тиындар сәулеті жағынан ең әдемілердің қатарында. Талай байқауларда жеңіс тұғырынан көрінгені соның дәлелі. Соңғы бірнеше жылда да тиындарымыз алуандығымен, сапасымен, ерекше дизайнымен таңқалдырып келеді. 

— Сіздің сүйікті қазақстандық тиыныңыз бар ма? 

— Иә, ол 2009 жылы шыққан «Қарақал» тиыны. Алтын жалатылған күміс тиын. Онда мысық тұқымдас қарақал жануарының басы бейнеленген. Екі көзінде бриллиантқа ұқсайтын бағалы тастар тұр. Оған бұрыннан бері қызығып келдім. Содан әйтеуір дегенде сатып алып, коллекцияма қосқанда қуанышымда шек болмады. Ара-тұра қолыма алып, сүйсініп қарап қоямын. 

а
Фото: Ильшат Исхаковтың жеке архивінен

— Бұл хобби сізге ең әуелі не береді? Қандай да бір шабыт аласыз ба, әлде тарихпен тілдескендей боласыз ба?

— Әлбетте ең әуелі бұл тарих қой. Әр тиын арқылы сол заманның тыныс-тіршілігін, халықтың жағдайын, пайым-парасатын сезінесің. Арасында беймәлім бір тиынды кездестіргенде өзіңді детектив сезініп, ол қай заманда, қай ханның немесе патшаның тұсында жасалғанын зерттей түсесің. Коллекциямдағы талай тиынның әлі қай замандікі екенін анықтай алған жоқпын. Сондықтан әлі де ізденуім, оқи түсуім керек. Тағы бір айта кетерлігі, жыл өткен сайын көне тиындардың бағасы қымбаттай береді. Келешекте оны сатсаң да сатып алған ақшаңнан көбірек табасың. Сондықтан бұл хоббиді депозитке ақша салғандай деуге болады. 

— Осы бір тиынды тауып, коллекцияма қоссам ғой дейтін тиыныңыз бар ма? 

— Кез келген коллекционердің қызығып, алғысы келіп жүрген тиындары болады. Менің алуды армандап жүрген тиыным — тираннозаврдың қаңқасы бейнеленген, көлемі әдеттегіден үлкендеу тиын. Оның бағасы соншалықты қымбат емес. Бірақ интернетте саудаға шығып қалған кездерде сатып алып үлгермей қаламын. 

а
Фото: Ильшат Исхаковтың жеке архивінен

Тағы бір арманым бар. Елімізде нумизматиканы дамыту үшін жас ұрпақтың қызығушылығын арттыру керек. Жыл сайын Ұлттық банк 5, 10, 20, 50, 100, 200 теңгелерді миллиондаған тиражбен шығарады. Сол тиындардың дизайнын әр жылда бір тақырыпқа байланыстырып отырсақ. Мәселен, 2026 жылды жануарларға арнап, бір тиынға киікті, бір тиынға қар барысын бейнелесек. Ал 2027 жылды басқа тақырыпқа арнасақ. Сонда балалар қызығып, тиындарды жинай бастар еді. 

— Ұлттық валюта күнінің маңызы қандай деп ойлайсыз?

— Әр мамандықтың өз кәсіби мерекесі болады ғой. Бұл — біздің сүйікті хоббиіміздің мерекесі. Бұл күнге жылда алдын ала дайындаламын. Коллекциямдағы тиындарды іріктеп сан алуан көрмелерге ұсынамын. Биыл 10 қарашадан бастап тиындарымды қалалық Оралхан Бөкей атындағы кітапханадағы көрмеге қойдым. 

Қорыта айтқанда, тиын дегеніміз — бір заттың құнын төлейтін дүние ғана емес. Ол — өнер, тарих, мәдениет. 

а
Фото: Ильшат Исхаковтың жеке архивінен

Еске салсақ, осыған дейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологтары қазба жұмыстары барысында орта ғасырға тән көне күміс тиындар тапқаны хабарланған. 

 

Соңғы жаңалықтар