Өскемендіктер лифтілердің жиі сынатынына шағымданды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстанда көпқабатты үйлердегі лифттердің үштен бірі әбден тозған. Ал жартысына жуығының жұмыс істеп тұрғанына 25 жылдан асып кетті. Қайта-қайта сынатын лифттер әсіресе жоғарғы қабаттарда тұратын зейнеткерлерге қорғасындай ауыртпалық тигізген.

«Лифтің істегенінен сынғаны көп»
Өскеменде Антон Чехов көшесіндегі көпқабатты үйде тұратын зейнеткер лифттің тым жиі істен шығатынын айтты.
— Біздің үй де, лифт те ескі. Өзімнің осында тұрып жатқаныма 49 жыл болды. Осы жарты ғасыр ішінде лифт бір де бір рет алмастырылған жоқ. Тек тросы ғана ауыстырылды. Сондықтан аптасына 2 рет сынып тұрады. Бұзылған сайын лифт жөндейтіндерді өз қаражатымызға шақырамыз. Ал соңғы уақытта ылғы өшіп қалып жүр. Сегізінші қабатта тұратын маған бұл өте қиын. Жасым болса 68-ге келді, — дейді Василий Павлов (өз сұрауы бойынша аты-жөні өзгертіліп берілді).

Ал Славский көшесіндегі үйдің 5-қабатында тұратын Зейнеп Мақсұтова лифт сынып қалғанда далаға шығудан қалатынын жеткізді.
— Онсыз да жасым келгендіктен жүріс-тұрысым қиындады. Ал баспалдақпен көтеріліп-түсу деген мен үшін нағыз бейнет. Лифтің істегенінен сынғаны көп, — дейді жасы жетпістен асқан кейуана.
Тұрғындар өз қаражатына жөндетуі тиіс
Шығыс Қазақстандағы қалалар мен аудандар әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес, өңір бойынша 3700-ден астам көпқабатты тұрғын үй бар. Ол үйлердегі лифт саны — 783. Өскемен қаласында — 740, Риддерде — 34, Алтай ауданында — 9 лифт жұмыс істеп тұр.
Оның ішінде іске қосылғанына 25 жылдан асқан лифт саны — 380. Алмастыруды қажет ететін — 284, жөндеуді талап ететін — 98 лифт бар. Алайда ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы ескірген лифттерді халықтың өз қаражатына жөндеуі тиістігін мәлім етті.

— Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 10-3 бабына сәйкес, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жергілікті бюджет қаражаты болған кезде пәтер иелерінің ақшаны қайтаруын қамтамасыз ету шартымен көппәтерлі тұрғын үйлерде лифттерді жөндеуді және ауыстыруды ұйымдастыруды және қаржыландыруды жүзеге асыруға құқылы. Ережеге қатысу үшін тұрғындар жиналыс өткізіп, оң шешім қабылдауы қажет. Осыдан кейін бөлім мамандандырылған уәкілетті ұйыммен бірлесіп, әр көппәтерлі тұрғын үйдің, лифттердің техникалық жай-күйін тексеруді, жұмыстардың құрамы мен көлемін анықтауды, тұрғын үйді күрделі жөндеу және лифттерді заң талаптарына сәйкес ауыстыруды іске асырады. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстарын тұрғындар тұрақты түрде өз қаражаттарына жүргізеді, — деп жауап берді басқарма басшының орынбасары Рауан Тұрысбек Kazinform тілшісінің ресми сауалхатына.

Демек, көпқабатты үйдегі бір подъезд тұрғындары жиналыс өткізіп, сонда лифтті ауыстыру-ауыстырмауды дауысқа салуы тиіс.
Басым бөлігі қолдаса онда оң шешім шықты деген сөз. Осы ретте, қолдамай дауыс бергендер де заң бойынша ақша жинауға міндетті. Ал лифті ауыстыру шығыны шамамен 12-18 млн теңге аралығында.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда тағам, жанармай, лифтіге қатысты техникалық регламент қайта қаралатынын жазғанбыз.