Өскеменге есірткінің 8 мың дозасын кіргізбек болған қылмыстық топ мүшелері ұсталды
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полиция қызметкерлері Ұлттық Ұланның сарбаздарымен бірлесіп, өңір аумағына есірткі жеткізумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесу бойынша арнайы операция өткізді.
Нәтижесінде, синтетикалық есірткінің аса ірі партиясын, нақты айтқанда 3,5 мың бірреттік дозасын Өскемен қаласына әкелмек болған Алматы қаласының 35 жастағы тұрғыны ұсталды. Ұстау барысында автокөлікте онымен бірге жұбайы да отырған. Белгілі болғандай, ер адам күдікке ілінбес үшін зайыбын өзімен бірге әдейі жолға ала шыққан.
Біраз уақыттан соң қылмыстық топтың екінші мүшесі де қолға түсті. Ұсталған 29 жастағы ер адамнан 2 мың дозаға тең 600 грамм синтетикалық есірткі тәркіленді.
«Есірткі арнасын жою бойынша арнайы операция Өскеменге арнайы келген Ақтөбе қаласының 24 жастағы тұрғынын ұстаумен аяқталды. Тінту барысында, одан құрамында 0,5 кг-нан астам «альфа-PVP» психотроптық сұйықтығы бар 5 пластикалық ыдыс тәркіленді. Қабылданған шаралар нәтижесінде, Өскемен қаласына шамамен мөлшері 8 мың бір реттік есірткі дозасын жеткізудің арнасы жойылды. Оның «қара нарықтағы» құны шамамен 65 млн теңгеден асады», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Қазіргі уақытта күдіктілердің үшеуі де қамауға алынды. Оларға қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.