Өскеменнің автобус парктері автобустарын жаңарта бастады

Аймақ басшысы Даниал Ахметов автобустарды қарап шығып, басталған жұмысқа он бағасын берді, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Өскемен қаласындағы автобус парктерінің әкімшіліктерімен автобустарды жаңарту мақсатында жалпы саны 12 көлік сатып алынды. «РОСТ» ЖШС Семей қаласында шығарылатын «Daewoo» маркалы жалпы сыйымдылығы 60 орындық сегіз автобус сатып алды. Бұл отандық автобустар №44 қалалық бағытта қызмет көрсетпек. Барлығы 2018 жылға дейін облыс орталығының жолаушы тасымалы компаниялары тағы 100 автобус сатып алуды жоспарлап отыр.
Айта кетсек, автобус парктерінің жылжымалы құрамын жаңарту Өскемен, Семей қалаларының жолаушы тасымалы компаниялармен жасаған меморандумдарының негізінде жүзеге асырылып келеді.
Келген келісім негізінде Өскемен қаласының 10 кәсіпорны мен Семей қаласының 4 кәсіпорны алдағы екі-үш жылда жылжымалы құрамды жаңартпақ. Жергілікті атқарушы органдармен жасалған меморандум аясында 7 жылға дейін қолданыста болған автобустардың 50 пайызын жаңарту қажет. Осындай мөлшерде 7 жылдан 12 жылға дейін қолданыста болған автобустар да жаңартылады. Ал қолданыстағы уақыты 12 жылдан асқан автобустар қала ішінде жолаушы тасымалдауға шығарылмайтын болады.