Өскеменнің бұрынғы және қазіргі келбеті - фоторепортаж
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Тарих дөңгелегі тоқтаусыз айналып барады. Ал еліміздің қалалары мен ауылдары жыл өткен сайын сан алуан өзгеріске ұшырап жатыр. Осы ретте, Өскемен шаһарының да келбеті жаңаша түрленуде.


Бұл материалда Шығыс Қазақстан облысы орталығындағы ғимараттардың бір ғасырға жуық уақытта қалай өзгергенін көрсетпекпіз. Фотолар мен деректерді ұсынған О.Бөкей атындағы қалалық кітапхана қызметкерлеріне алғыс білдіреміз.
Халық үйі
1902 жылы 26 қазанда Өскеменде «Халық үйі» салтанатты түрде ашылды. Осылайша, өлкенің тарихы туралы сыр шертер ғимараттың салынғанына 120 жылдан асқан.
«Бұл мәдениет ордасында би кештері, музыкалық және әдеби кештер, жаңа жылдық мерекелер және басқа да рухани шаралар ұдайы өтіп тұрды. Шаһар тұрғындары мен меймандары дойбы, шахмат ойындарының қызығына кенеліп, кітап оқыды. Газет-журнал парақтап, түрлі тақырыптардағы дәрістер тыңдады. Кейіннен бұл ғимарат драма театрына айналып, жаһандық классикалық қойылымдар бұқара назарына ұсынылды», - дейді кітапхана қызметкері Таңнұр Башай.
«Юбилейный кинотеатры»

Қаладағы инженерлік құрылымы күрделі ғимараттардың бірі. 1967 жылы 6 қарашада ашылған. Үлкен экранды кинотеатр көп уақыт өтпей-ақ әлеуметтің сүйікті демалыс орнына айналды. Соңғы жылдарда ғимарат бірнеше мәрте қайта жөндеуден өткізіліп, заманауи технологиямен жабдықталған.

Құрылыс-жол институты

1958 жылы қазанда құрылыс-жол институтының құрылысы басталды. 1965 жылы жалпы алаңы 3000 шаршы метр болатын бас корпусы пайдалануға берілген.

1966-1967 жылдары жоғары оқу орынының қосымша бөлімдері - зертхана корпусы, мәжіліс және спорт залдары, кітапханасы салынды. Оқу бөлімдері мен тұрғындар базасын кеңейту арқылы студенттер саны артып, «сәулет», «инженерлік-экономикалық», «сумен қамтамасыз ету және кәріз желілері» секілді жаңа факультеттер ашылды. Бүгінде бұл - Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті.
Трамвай

1959 жылы 6 қарашада Өскемен тұрғындары тұңғыш рет трамвайға отырған. Қоғамдық көліктің жүру бағдары қала вокзалынан басталып, Ушанов (қазіргі Қазақстан), Орджонидзе және Новошкольный (қазіргі Абай даңғылы) көшелері арқылы қорғасын-мырыш комбинатына дейінгі аралықты қамтыды. Экологиялық тиімді көлік саналатын трамвай бүгінгі таңда да бұқараға қызмет көрсетуді жалғастыруда.

Металлургтер мәдениет сарайы

«1953 жылы ленинградтық сәулетшілер К.Борташевич және Л.Маковеевтердің жобасы бойынша Металлургтер мәдениет сарайының құрылысы басталды. Ол кезеңде классикалық сәулет жоғары бағаланғандықтан мәдениет сарайының көрінісіне ежелгі сәулет өнеріне тән пішіндер енгізілгенін байқауға болады. Солардың бірі – кірпіштен қаланған бағаналар көп уақыт өтпей-ақ құлап қалған. Келешекте тағы осындай олқылықтар қайталанбас үшін кірпіштің орнына бетон қойылыпты. Ал ғимараттың ішін өз еліміздің суретшілері безендірді», - дейді Таңнұр Башай.

Ғимараттың төбе маңдайшасындағы мүсіндік топтар алматылық суретші Хәкімжан Наурызбаевтың жетекшілігімен жасалған. Металлургтердің қажырлы еңбегін бейнелейтін мүсінді бейнелеу үшін «модель» ретінде өскемендік еңбеккерлер арнайы шақырылған екен.
Ушанов алаңы

1973 жылы орталық алаңда Я.Ушановтың ескерткіші ашылды. Авторлары: мүсіншілер - В.И.Огнев, В.А.Кушнаренко, А.Н.Душкин.

Я.Ушанов – Кеңес өкіметі кезінде Өскеменде совдептің тұңғыш төрағасы болып сайланып, өлкеде социалистік құрылысты құруға басшылық еткен. 1918 жылы ақ гвардияшыл атаман Анненковтың бұйрығымен Өскемен мен Семей аралығында, Ертіс өзені үстінде «Монғол» пароходының пешіне тірідей тасталып, өлтірілді.
Педагогикалық институт

1952 жылы КСРО Министрлер кеңесінің қаулысына сәйкес Өскемен педагогикалық институты құрылды. Алғашында орыс тілі және әдебиеті, физика-математика, жаратылыстану сияқты үш факультеті болды. 30 оқытушы сабақ беріп, барлығы 332 студент білім алған.

1956 жылы төрт жылдық бағдарлама бойынша алғашқы мамандар түлеп ұшты. 1991 жылы Өскемен педагогикалық институты Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті болып қайта құрылды. 2003 жылы қазан айында Қазақстан Үкіметінің қаулысымен жоғары оқу орнына белгілі ғалым-лингвист, профессор Сәрсен Аманжолов есімі берілді.
Спорт сарайы

1964-1968 жылдар аралығында салынды. Құрылысын жүргізу кезінде елімізде тұңғыш рет 64 метрлік жабынды құрылымы пайдаланылып, негізгі алаңмен бірге жаттығуға арналған мұз айдыны да жасалды.
«Алғашында негізгі арена 5200 көрерменге шақталып жасалған еді. 2001 жылы қайта жөндеу жүргізіліп, 4400 көрерменге дейін азайтылды. Сарайдың ішкі көрінісі бірнеше мәрте өзгертілді. Ал сырты сол қалпында сақталған. 2011-2012 жылдары ғимараттың қасбеті ғана өзгертілді. Сәулетшілердің ұсынысы бойынша жаңа қасбет көрінісі хоккей ойыны қақпашысының бас киіміне ұқсатып жасалды», - дейді кітапханашы.

Спорт нысанының жанына хоккейші Борис Александровтың мүсіні орнатылған. Авторы – мүсінші Валерий Дранишников.
Орталық мәдениет үйі

Көлемі жағынан сарай іспетті еңселі. Дегенмен, оның құрылысы кезінде бірқатар кедергі болды. 1959 жылы грек өнері үлгісіндегі ғимарат салынып біткен еді. Алайда, ұсақ-түйек жұмыстары ғана қалған кезде күтпеген жағдай болды. Кеңес үкіметі «жаңа құрылыстарда грек мәнеріне тән нышандар мен бағаналар болмау керек» деген қаулы шығарды. Әлі ашылу салтанаты болып үлгермеген нысан бұл жаңа талаптарға сай болмай шықты.

Нәтижесінде, орталық мәдениет үйінің бірқатар жерін қайта өзгертуге тура келді. Бағаналар алынып тасталып, фойе кеңейтілді. Сөйтіп, мәдениет үйі мың адамға шақталған қарапайым жобаға ауыстырылды. Аз уақыт ішінде-ақ ересектер мен балаларға арналған түрлі клуб-үйірмелер және кітапхана ашылды. Қазір бұл «Ертіс концерт» коммуналдық мекемесі.
«Сәуле» сауда дүкені

Өткен ХХ ғасырдың басында қаланың орталық қиылысында «Сава Семенов пен оның ұлдарының сауда үйі» салынды. Бұл тұңғыш қалалық әмбебап дүкен болған. Алғашында – көпестің сауда үйі, 1930 жылы – Өскемен аудандық тұтыну қоғамының дүкені, ал 1940 жылы «Әмбебап дүкен» деген ресми атауға ие болды. 1960 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Сәуле» дүкені атауымен халыққа қызмет көрсетуде.

Е.П.Славский атындағы жағалау

1998 жылы Ертіс жағалауындағы көшеге КСРО ядролық саласының басшысы Е.П.Славскийдің есімі берілді. 2011 жылы 25 тамызда оның ескерткіші орнатылды. Авторлары: мүсіншілер – А.Лягин және Х.Кульчаев.
Ертіс жағалауында Екінші дүниежүзілік соғыс батырларына және интернационалист-жауынгерлерге арналған мемориалды ескерткіштер тұр. Мұнда О.Бөкей атындағы қалалық кітапхана да орналасқан.

2010 жылы 27 мамырда Ертіс көпіріне шығар айналысқа ел тәуелсіздігінің нышаны іспетті болған «Бәйтерек» бой көтерді. Биіктігі – 28,5 метр. Ал Астанадағы Бәйтеректің биіктігі – 105 метр.
«Самал» саябағы

2019 жылы қалада «Самал» саябағы ашылды. Бұрын бұл жабайы жағажай еді. Демалыс орны жұртшылықтың емін-еркін серуендеп, демалуына сай жабдықталған. Street Workout, роллердром үшін арнайы аумақтар және скейтборд теуіп, футбол, волейбол, баскетбол ойнау үшін алаңдар пайда болды. Табиғатпен тыныстап, суға түсу үшін жағажай да салынды.
