Ослода өткен ассамблеяда Қазақстанның биржалық тәжірибесі ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — 18-20 маусым күндері Норвегия астанасы Ослода Еуропалық энергетикалық биржалар қауымдастығының (EUROPEX) Бас ассамблеясы өтті.

биржа
Фото: freepik

Бұл іс-шараға Қазақстан атынан делегация қатысып, ұлттық биржалық сауда тәжірибесімен таныстырды.

Форумға EUROPEX қауымдастығына мүше 33 еуропалық биржа басшылары, Еуропалық комиссия мен реттеуші органдардың өкілдері, сондай-ақ энергетика, климат және биржалық инфрақұрылым саласындағы сарапшылар жиналды. Ассамблея аясында қауымдастық төрағасы мен директорлар кеңесінің мүшелері сайланып, салалық жұмыс топтарының құрамы жаңартылды.

Сонымен қатар нарықты интеграциялау, цифрлық трансформация және киберқауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды.

Пленарлық отырыста Қазақстан делегациясы елдегі биржалық сауданың дамуы мен тәжірибесін ұсынып, EUROPEX-пен арадағы ұзақ мерзімді әріптестіктің стратегиялық бағыттарын атап өтті. Ел атынан баяндама жасаған «Каспий» тауар биржасының президенті Мұрат Қадисов Еуропа елдерімен трансшекаралық көміртегі квоталары саудасын дамыту, цифрлық инфрақұрылым мен құқықтық стандарттарды жетілдіру бойынша ынтымақтастықтың әлеуетіне тоқталды.

2024 жылдан бастап «Каспий» биржасы EUROPEX қауымдастығына Орталық Азия елдерінің арасынан алғашқы қауымдастырылған мүше ретінде қабылданды. Бұл Қазақстанның халықаралық энергетикалық, экологиялық және сауда нарықтарындағы белсенді ұстанымын көрсетеді.

Ассамблея аясындағы кездесулер Қазақстан мен Еуропа елдері арасында екіжақты байланыстарды кеңейтуге жол ашты. Норвегиямен мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында нақты ұсыныстар айтылып, жаңа келісімдерге негіз қаланды.

Жиын қорытындысы Қазақстан Президентінің декарбонизация, цифрландыру және заманауи нарықтық институттарды дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерімен үйлеседі.

Айта кетейік, қазақстандық тауар биржасында күкірт саудасы басталды.

Соңғы жаңалықтар