Оспан батырдың шолғыншысы Әлібай мерген туралы не білеміз - Өңірлік баспасөзге шолу
***
Шарль де Гольдің қолынан орден алған қазақ - Менің өлкем газеті
Шығыс Қазақстан облысында шығып тұрған «Менің өлкем» газетінің ресми сайтында Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы кеңінен қозғалған. Мақалалары buqara.kz сайтына орналасатын газеттің жақындағы санында «Франция Президенті Шарль де Гольдің қолынан орден алған шығысқазақстандық партизан» атты мақала жарық көрді.
«Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтың ержүрек ұлдары жанын шүберекке түйіп, жауынгерлік жолда нағыз батырлықтың үлгісін көрсете білді. Солардың бірі - Ұлы Абай туған өңірде дүниеге келген, француз қарсыласу күресінің мүшесі, әйгілі партизан, спорт шебері Қабыш Омаров. Францияның Бесінші үкіметінің бірінші президенті Шарль де Гольдің қолынан Даңқ орденін алып, елге оралған батыр жайында оның жиені Ерлан Ықыласов әңгімелеп берді», - дей келе, мақалада әйгілі партизанның соғыс жылдарында тұтқынға түскен кезі егжей-тегжейлі баяндалады.
Аты аңызға айналған Әлібай батыр. Ол кім еді? - Менің өлкем газеті
«Әлібай мерген жөнінде кезінде баспасөз беттерінде біршама әңгіме, мақалалар жарық көрді. Батыр жайлы ел аузындағы аңыз-әңгімелер негізінде қисса-дастандар таратылып жүргенімен, Әлібайдың соңғы өмірі мен оның ұрпақтары турасында ешкім ештеңе білмейді», - деп жазады «Менің өлкем» газеті «Зайсандық Әлібай мерген әйгілі Оспан батыр әскерінің шолғыншысы болған» атты мақалада. Автор Әлібай мерген туралы деректерге шолу жасай келе, оның шыққан тегі өмір сүрген ортасына да назар бұрады. Қасаң заманда өмір сүріп, қисынсыз саясатқа қарсы шыққан батыр туралы тебіренбей оқу мүмкін емес. Сол жылдары «қызыл террордың» қысымына шыдамаған бір рулы ел шетке үдере көшкен кезең еді. «Жамантай асуындағы шайқас» та осындай бас сауғалай үдере көшудегі арпалысты суреттейді.
«...Әлібай ат-көлігі, тәуірірек киім-кешектеріне дейін тоналып, жаңа шыққан күнді жансыз жанарларымен қарсы алып, қан құшып жатқан өліктерді бір-бірден көтеріп, беттерін құбылаға қаратып, ағаш үйдің ішіне тізіп жатқызды да, бет-жүздерін өз киімдерімен жабады. Аз тыныстаған ол екінші үйдің есігін ашып, таңырқаған күйі тұрып қалды. Түгелдей сап-сары ала киінген солдат мүрделері екен. Бір ғажабы, тірі қалғандары өлгендерінің бәрінің бастарын кесіп әкетіпті. Әлібай санап көріп еді, тұп-тура 23 адам болды. «Жарайсың» деді ол іштей өзіне-өзі риза болып «сен бізден он тоғыз адам жалмасаң, мен сенен төртін артық етіп орындаған екем. Шахиттердің қаны тегін кетпепті!»... Мергеннің әңгімесі осылай екен.
Аралдан әзіл оздырған... - Қазалы газеті
«Биыл қазақ сатирасының саңлағы, «Тамаша» әзіл-оспақ отауының негізін салған майталмандардың бірі, саналы ғұмырын сахна төрінде өткізген Құдайберген Сұлтанбаев тірі болса мерейлі 70 жасқа толар еді. Алланың бұйырған тағдырына қарсы тұрар шама бар ма, дөңгеленген дүниеде Құдайбергенсіз таң атып, күн батқалы жеті жылға жақындапты». Қазалы аудандық газеті Құдайберген Сұлтанбаев туралы халық әртісі Тұңғышбай әл-Таразидің осындай естелігін көшіріп басқан екен.
«...Сонымен мен кеттім. Құдекеңнің өкпесі біраз жылдар тарқамай, көңілінде керіш боп қала берді... Менің өзім де алай-дүлей күй кешіп, ең бір қымбатымнан айрылғандай, жалғыз Құдекеңе ғана емес, өнерге опасыздық жасағандай, сол қадамым қателік болмады ма деп неше жыл азап шеккенім өзіме ғана аян ғой, қайсыбірін айтайын, өз дертім - өзімде... Кейіндері Құдекең депутат болып жүргенінде оның сол бір керішті күйін менің қарсылас оппоненттерім - «әлгі» ағаларымыз бен солардың төңірегін жағалаған «тағаларымыз» жақсы-ақ пайдаланып үлгерген...» деп еске алады Тұңғышбай әл-Тарази бір кездегі үзеңгілесі туралы әңгімені ақтара отырып.
Қиыр шығыстан келген келін - Сыр бойы газеті
Біздің қазақтың өлшемімен алғанда жердің шеті саналатын, Кеңес одағының Тынық мұхитына ашылған қақпасы - Владивосток шаһары соғыстың соңғы жылдарында Мәскеуден 9172 шақырым қашықтықта болса да, қайнаған тіршілік мекеніне айналған аймақ орталығы еді. Төңкеріске дейін мұнда 65 мыңға жуық халық тұрды. Ал 1940 жылдары тұрғын саны 210 мыңнан асып, 200-ге жуық өнеркәсіп орны қарқынды жұмыс атқарып тұрған алып қалаға айналды. Облыстық «Сыр бойы» газетінде екінші дүниежүзілік соғыс кезінде сонау Қиыр Шығыстың қызы қазақ азаматына тұрмысқа шығып, кейін бір қауым елге айналған Лена Максимқызы жайлы шуақты мақала жариялаған екен.
Мақала авторы «ұлты бөлек болса да тағдыр қосып, тілегі тоғысқан жандардың махаббатқа байланған бақытты жылдарын» жаза отырып, олардың өмір жолдары арқылы қалың оқырманға ой салады. «Теңіз беті Сталиннің тапсырмасымен жапон басқыншыларына қарсы құрылған Тұнық мұхит әскери-теңіз флотының балық, тіпті кит аулайтын флотилия кемелерінен көрінбейтін. Біздің кейіпкеріміз 19 жасар Елена бойжеткен - осы жергілікті жердің тұрғыны. Ол бойының аласалығына байланысты майданға бара алмады. Алайда, хат тасу, почта жұмысының күндіз-түні бітпейтін тірлігі арқылы жеңісті жақындатуға үлес қосты»...
Бөтелкелерден аула салған ақсақал - Сырым елі газеті
Бөтелкелерден аула салған Хамидолла Жанадилов Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының орталығы Жымпитыға іргелес Өлеңті ауылындатұрады екен. Кейіпкер туралы Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің тілшісі Мүсірбек Айташевтің мақаласы жарыққа шыққан. «Әрине, өткен жылдар еншісінде бөтелкелерді арнайы қабылдайтын орындар болатын. Бүгінде бұл жоқтың қасы. Сондықтан да Хабес ағаның ауласында жиналып тұрған бөтелкелерді үйдің едені астына пайдалану үшін сұраушылар легі Жымпиты, Алғабас ауылынан, Орал қаласынан баршылық. Ал қажеттері үшін мұндай сұраушыларға Хабес аға бөтелкелерді тегін бере салса, кейбір азаматтар бұл үшін азын-шоғын болса да ақысын төлейтіндері болады»...