Осы күндері барша қазақстандықтар біздің біртұтас Отанымызға деген ұлы мақтаныш сезімін бастан кешуде- Н. Назарбаев
ҚР Президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, басты партиялық форум Тәуелсіздік сарайында өтті және оған партияның барлық бөлімшелерінен 600-ге жуық делегат қатысты. Съезге 2,5 мыңнан астам қонақ қатысты, олардың арасында - көрнекті саясат, қоғам және мәдениет қайраткерлері, шетелдік партиялардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.
Съезде «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының 2020 жылға дейінгі Бағдарламасы қабылданды, қоғам өміріндегі ең елеулі мәселелерді шешу жөніндегі жұмыстарға бағытталған басымдықтары айқындалды, ұйымдастыру мәселелері қаралды. Съезд барысында қазақстандық қоғам өкілдері, Парламент депутаттары, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, Ресей, Қытай, Литва, сондай-ақ Азиялық саяси партиялар халықаралық конфедерациясының өкілдері сөз сөйледі. Конфедерация төрағасы Мемлекет басшысына Азиялық саяси партиялар халықаралық конфедерациясының «Көрнекті жетістігі мен адамзатқа қызметі үшін» орденін тапсырды.
Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев съезде сөйлеген сөзінде 2005 жылғы сайлауалды бағдарламада алдыға қойылған барлық міндеттер мерзімінен бұрын орындалғанын атап өтті. Қазақстандықтардың әл-ауқатының сапалы артуына қол жеткізілді. Орташа еңбекақы, зейнетақы және жәрдемақының арту көрсеткішіне жоспарланғаннан екі жыл бұрын қол жеткізілді. Қазақстан экономикасы жыл сайын орташа алғанда 7-8 пайызға өсті. Шағын және орта бизнес ЖІӨ-нің кем дегенде 30 пайызын құрайды. Кәсіпкерлікті қолдау жөнінде кешенді шаралар қабылданды. Бүгінде Қазақстан бизнес-климаттың қолайлығы көрсеткіші бойынша әлемде 59-орынға ие.
1994 жылдан бастап ай сайынғы кесімді жалақы 45 есе өсті. Он жылдың ішінде халықтың табысының үлесі ең төменгі күн көріс шегінен 4 есе қысқарды. Орташа зейнетақы мөлшері 6 есе артты. Қазақстанда 13 зейнетақы қоры жұмыс істейді. Оларда 2,3 триллион теңге жинақталған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері 30 пайызға ұлғайтылды. Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өседі. Еліміз үшін маңызы зор үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Тек 2010 жылы жалпы құны 800 миллиард теңгеден астам 152 жаңа нысан іске қосылды. 1995 жылы экспорт көлемі 5,3 миллиард долларды құраса, ал 2010 жылы 60 миллиард долларға жетті.
- Тәуелсіздігіміздің даму жылдарында біз жаңа мемлекетті, жаңа қоғамды құрдық, жаһандық әлемде өмір сүре алатын және жұмыс істей алатын қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тәрбиеледік. Біздің экономика мен әлеуметтік дамудағы, сыртқы саясатымыздағы табыстарымыз - ЕҚЫҰ-ның саммиті, Азияданың өтуі - патриотизмнің деңгейін жоғары көтерді, бәрімізді біріктірді. Осы күндері барша қазақстандықтар біздің біртұтас Отанымызға деген ұлы мақтаныш сезімін бастан кешуде, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан қол жеткен жетістікке тоқтап қалмайтынын айтты.
- Менің көзқарасымда болашақ жол «Қазақстан-2030» Стратегиясында, еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында және менің Жолдауымда көрініс тапты. Бұл келешекке арналған іс-қимыл бағдарламасы. Жолдауда мен жаңа әлеуметтік саясатты іске асыруды ұсындым. Жоғары табыс, мықты денсаулық, қолайлы тұрғын үй, белсенді еңбекке бағдарлау - адамды бәскелестікке шақырады. Менің әр қазақстандықтан осыны көргім келеді, - деп атап көрсетті Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның алдында бірқатар негізгі басымдықтар тұрғанын қадап айтты.
Қазақстандықтардың жоғары өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету
Алдағы онжылдықта Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға дейін төмендейді. 2014 жылға қарай құны 8,1 триллион теңгені құрайтын 294 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Мыңдаған жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылатын болады. Жаңа жұмыспен қамту стратегиясының басты мақсаты азаматтардың табысын арттыру болуы тиіс. Индустрияландыру картасы мен «Бизнестің жол картасы - 2020» жобалары негізінде индустриалдық секторды кеңейтуге қажетті мамандықтарды анықтау жөніндегі жұмыстар жалғасын табады. Мемлекет тегін оқуды, оқуға бару жолын және оқитындарға стипендия төлеуді қаржыландыратын болады.
Сондай-ақ ауылда кәсіпкерлік дамытылады. Бұл міндетті шешудің негізі жеке шағын бизнесті ұйымдастыруға бағытталған микрокредиттеу болмақ. 2020 жылға қарай әлеуметтік көмек көрсетудің деңгейі күн көріс шегінің мөлшерінен 100 пайызға дейін өсе түседі. Базалық зейнетақы төлеу мөлшері күн көріс шегінің мөлшерінен 60 пайыздық деңгейге дейін жеткізіледі.
Қолжетімді және сапалы білім алу жағдайын қамтамасыз ету
2016 жылға қарай білімге арналған шығыс ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін арттырылатын болады. Таяу бес жылдықта еліміз бойынша жаңа 400 мектеп, оның ішінде 20 зияткерлік мектеп салынады. Бұл мектепте 12 жылдық оқу жүйесіне көшуге база жасайды. Техникалық және кәсіби білім берудің тиімді жүйесі қалыптастырылады. Жоғары білім беру деңгейі әлемдік стандарттар деңгейіне жеткізіледі. Қазақстан азаматтарының басым көпшілігі қазақ тілін меңгеретін болады. Педагогтер мәртебесі артады. Олардың 20 пайызы біліктілігін көтеру курстарынан, оның ішінде әлемдегі жетекші білім беру орталықтарынан өтеді.
Қазақстандықтардың денсаулығын нығайту, медициналық
қызметтің сапасын және қол жетімділікті арттыру
Тәуелсіздік жылдарында заманауи жабдықтармен жарақтандырылған жаңа 500 денсаулық сақтау нысандары салынды. 2015 жылғы қарай тағы 350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен емханалар тұрғызылады. 2013 жылға қарай алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын арттыратын Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі қалыптастырылады. Астанада еліміздің барлық медициналық мекемелерінің эталоны іспетті болатын болашақтың госпиталы салынады. Ол ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде озық медициналық тәжірибенің трансфертін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, 2020 жылға қарай орташа өмір сүру 72 жасқа және одан арыға ұлғая түседі. Ана мен бала өлімі 2 есеге, жалпы, адам өлімі 30 пайызға төмендейді. Қазақстан халқының саны 18 миллионға жақындайды.
Қазақстандықтардың тұрғын үй және тұрмыс жағдайын жақсарту
Тұрғын үй құрылысы бағдарламасының арқасында миллионға жуық қазақстандық жаңа пәтерлерде немесе үйлерде тұратын болады. 2009-2010 жылдары дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру жаңа тұрғын үй көлемін жылына 6,4 миллион шаршы метр деңгейде сақтап қалуға мүмкіндік берді. 2011 жылы тұрғын үй құрылысын қолдауға 75 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылады. Бұл шараның барлығы жылына 6 миллионға жуық шаршы метр тұрғын үй құрылысын қолға алуды қамтамасыз етеді.
Ауылдық елді мекендердің 80 пайызы және шағын қалалардың 10 пайызы таза ауыз сумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйесіне қолжетімділікке ие болады. 2015 жылға қарай республика сандық телекоммуникациялық жүйемен 100 пайызға қамтамасыз етіледі. Барлық үйлерде Интернет жүйесіне, кең ауқымды мультимедиялық қызмет үлгісіне және сандық телевидениеге қол жетімділік қамтамасыз етіледі. 2015 жылға қарай әлеуметтік мәні бар мемлекеттік қызмет кем дегенде 50 пайызға электронды түрде іске асырылады.
Экономиканың сапалы өсуі және әлемдегі экономикалық
бәсекеге қабілетті елдер қатарына ену
Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарламаның аясында кредиттің жалпы құны 101,2 миллиард теңгені құрайтын 225 өтінімді субсидия мақұлданды, 30 жоба бойынша кепілдік берілді, 129 бизнес субъектілері үшін қажетті инфрақұрылым жүргізілді. Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында индустриалдық аймақты ұйымдастыру жөнінде жұмыстар басталды, 1175 кәсіпорынға сервистік көмек көрсетілді. Бағдарламаға қатысатын кәсіпорындарда жұмыс істеушілердің жалпы саны 20 мыңнан астам адамды құрайды. Бұдан бөлек, жаңадан 8 мың тұрақты жұмыс орындарын қосымша ашу жоспарлануда.
ЖІӨ-нің өсімі кем дегенде 30 пайызды құрауы қажет. Ұлттық қордың активтері кем дегенде ЖІӨ-нің 30 пайызын құрайды. Өңдеуші салалардағы өсім қазып шығаратын салалардың деңгейіне жетеді немесе арта түседі. Жаңа 1400 шақырым теміржол желісі, 16 мың шақырымдай республикалық деңгейдегі автомобиль жолдары салынады. Әуе тасымалында бәсекелестік рыногы құрылды. Ал, 2016 жылға қарай ет экспорты 60 мың тоннаны құрайды, бұл 4 миллион тонна астық экспортына тең. Бұл ауылда 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туғызады. Жүз мыңнан астам ауылдықтар табыс табады.
Саяси жаңғырту, қоғамда бейбітшілік пен тыныштықты, қауіпсіздікті
одан әрі қамтамасыз ету
Қазақстанда саяси жүйені жаңғырту жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Бұл - Парламент өкілеттігін кеңейту, оған Үкімет есеп беруге тиістілігі, саяси партиялардың және жергілікті билік органдарының, сот жүйесінің рөлін нығайту. Партияның және бұқаралық ақпарат құралдарының сыбайлас жемқорлықпен күрестегі рөлі, азаматтарды шенеуніктер мен жұмыс берушілердің озбырлығынан қорғау күшейтілетін болады. Құқық қорғау жүйесі нығаяды.
Жауапты және белсенді сыртқы саясат, мемлекеттің қорғаныс
қабілеті мен оның қауіпсіздігін нығайту
Қазақстан Ресеймен мәңгілік достық пен одақтастық шарт негізінде стратегиялық қарым-қатынастарын барынша дамытатын болады. Қытаймен және Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық дамытылатын болады, АҚШ және Еуропалық Одақпен сындарлы өзара іс-қимыл кеңейтіледі. Биылғы жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымын басқаруда. Сондай-ақ, Қазақстан ШЫҰ, АӨСШК, ЕурАзЭҚ тәрізді аймақтық бірлестіктер жұмысына белсенді қатысатын болады.
Елдің қорғаныс қабілетін нығайту үшін армияны озық үлгідегі қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру жалғасын табады. Қазақстандық солдаттар мен офицерлер лайықты қызмет атқаруы үшін барлық жағдай жасалатын болады.
Мемлекет басшысы сондай-ақ қазақстандық жас ұрпаққа сөз арнады.
- Қазір сіздер үлкен өмірге қадам басасыңдар. Сіздер ата-аналарың мен Отан алдында өз міндеттерің барын сезінулерің керек. Ол міндет сіздердің өмір жолдарыңды айқындайды, сонымен бірге нағыз азаматтың борышы мен құқығын анықтайды. Мен сіздерді бәрінен бұрын, қалыптасып келе жатқан тұлға, кәсіби маман және шынайы партиот ретінде көремін. Бұл формуланы мен өмірімнің барлық кезеңінде өз ойыма түйдім. Ол маған әрдайым көмектесті. Патриот болу - бұл өз Отаныңды шынайы сүю. Өзіңе және өз халқыңа сену, қоғамға қызмет жасау. Жас ұрпақ өзгерістерден қорықпауы тиіс, керісінше, өміршең, серпінді жобаларды ұсынулары керек. Біз өз армандарыңды жүзеге асыру үшін, өз жоспарларыңды іске асыру үшін барлық жағдайды жасадық және өз болашағымыздың іргесін қаладық. Алдағы сайлау - бұл сіздердің болашақтарыңызды таңдауларыңыз. Мен оған сеніммен барамын және сіздер - жас қазақстандықтар, топтасқан біртұтас команда ретінде менімен бірге жаңа биіктерді бағындырасыздар! Мен сіздерге сенемін! - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент партияға жас қазақстандықтар арасында біртұстас «Жас Ұлан» қозғалысын құру жұмысын жүргізуді, сондай-ақ балалар ұйымдарының жаңа жүйесін құру туралы мәселені пысықтауды тапсырды.
- Бүгін «Нұр Отанның» XIII съезінде біз Қазақстаның одан әрі даму векторын белгілейміз. XXI ғасырда инновация үдерістің синониміне айналды, сондықтан өзгерістерге тез бейімделетіндер табысқа қол жеткізеді. Мен бүгін партияның алдына жаңа биік мақсат қоямын. Қазақстанның әр өңірі, экономиканың әр саласы жан-жақты жұмыс жүргізулері әрі ең перспективалы және іске асырылатын жобаларды ұсынулары тиіс. Оларды іске асыру «Нұр Отан» партиясының таяу 20 жылдағы стратегиялық бағдарламасының негізіне айналады. Біз «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты жалпыұлттық ұран тастадық. Ендеше, Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында халықпен бірге осы үлкен жобаны іске асырайық! Болашақтың іргесін бірге қалаймыз! Қазақстан тек алға! - деді Нұрсұлтан Назарбаев.