Осы жолғы дағдарыста әлемдік қаржы-валюталық жүйе ғана емес, нарықтық қатынастың бүкіл идеологиясы да өзгеріске ұшырайды ? мамандар пікірі

АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Әлем бастан кешіп отырған бүгінгі дағдарыс қазіргі халықаралық қаржылық-валюталық жүйемен қатар, нарықтық қатынастың баршаға ортақ идеологиясын да өзгертетін сыңайлы. Кеше «Нұр Отан» партиясының «Өрлеу» экономикалық клубының отырысында әлемдік дағдарыс пен оның қазіргі қарқынына қатысты ой-пікірлерімен бөліскен
None
None
еліміздің белді деген экономистері мен қаржы саласының мамандары осыны аңғартты. Мәжіліс депутаты Кенжеғали Сағадиевтің пікірінше, бүгінде әлем өте қиын күндерді бастан өткеріп отыр. Дағдарыстың бет алысына қарап, әлемдік қатынастарда елеулі өзгерістер болуы мүмкін деп болжауға болады. Бірінші кезекте бұл әрине валюта қатынастарына қатысты болмақ. «Бүгінде бүкіл әлемнің ішкі жалпы өнімі 60 триллионға жуық АҚШ долларын құрайды. Ал доллар мен ұлттық валюталар және әртүрлі суррогат қаржының мөлшері бүкіл әлем бойынша 700 триллион долларға жуықтаған. Бұл белгіленген шектен 10 есеге артық. Яғни, мұндай жағдайда қаржы «көбігінің» немесе қаржы пирамидасының бұзылуы заңды құбылыс» дейді депутат. Оның пайымдауынша, осы мәселеге байланысты жүйе болашақта түбегейлі өзгеріске түсуі тиіс. Осы орайда Қазақстан басшысының әлемдік деңгейдегі қайраткерлердің арасында өзінің ұсыныс-пікірін білдіріп, әлемде қалыптасқан проблеманы шешуге қатысты өзінің тың идеясын ұсынғаны өте ұтымды қадам болды. Ең бастысы, бұл бастаманың өзге елден емес, Қазақстаннан шыққаны мақтанарлық жәйт. «Әлем бойынша нарық қатынастары дамыған мемлекеттер тарапынан 500 жылдан астам уақыттан бері насихатталып келеді. Қазақстанның бұл мәселеге араласқанынан 18 жыл ғана болды. Бүгінгі монетарлық идеология әлемдік экономикалық тұрақты дамуды қамтамасыз ете алмайтындығын көрсетті. Бұл жағдай әлемде үлкен өзгерістер алып келетіні түсінікті. Бұл өзгерістерден әрине Қазақстанның да сырт қалмасы анық. Осыған орай болашақта тұтынушы қоғаммен байланысты идеология да өзгеріске ұшырауы ықтимал. Ал біз оған қатысты дер кезінде тиімді шешімдер қабылдап, қалыптасқан жағдайды бақылай білуіміз қажет» дейді халық қалаулысы. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсованың айтуынша, бұл қазіргідей жүйемен жұмыс істеп жатқан әлемдік экономикадағы соңғы дағдарыс. Өйткені ол түрлі деңгейдегі қарым-қатынаста дамып отырған әлем елдерінің экономикалық рөлдерінің өзгеруіне ықпал етеді. «Бүгінгі дағдарыс, жай ғана дамып отырған, нақтырақ айтқанда, тек донорлық көмектің арқасында ғана күнін көріп отырған елдерге мұндай жағдайдың ендігәрі қайталанбайтындығын көрсетіп отыр» деді комитет төрайымы. Бұдан әрі отырыстағы әңгіме ауаны депутаттар болжаған мәселер бойынша, әлемде болып жатқан және алдағы уақытта болатын өзгерістер мен жаңалықтарға Қазақстан қалай әрекет етіп, нендей шаралар қолдануы тиіс деген тақырып төңірегінде ойысты. Бұл орайда «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов былай дейді: «Егер біз кезінде шикізаттан түсетін пайданың есебінен ұлттық қор жинамағанда, осы дағдарыстан бұрын болған қиындықтардың өзін де еңсере алмас едік. Бүгінде дағдарыс 2009 жылы аяқталуы мүмкін деген түрлі болжамдар айтылып жүр. Бұл жағымды хабар болғанымен, бізге арқаны кеңге салмай, мүмкіндігінше дағдарыс ұзаққа созылуы мүмкін, жағдай бүгінгіден де қиын болуы ықтимал деген мәселе төңірегінде ойланған абзал. Бұл үшін бізге жан-жақты қарастырылған орта мерзімге бағытталған бағдарлама қажет. Бізде бүгін ұлттық қор бар. Ол елімізге экономиканың қаржы секторындағы қалыптасқан мәселелерді шешуге зор мүмкіндік берді. Біз ұлтық валютаның девальвациясының мәселесін дұрыс шешіп, елдегі бірқатар банктердің жағдайын тұрақтандыра алдық. Басқаша айтқанда, үкімет пен мемлекеттік органдар жағдайды бақылап отыр. Көпшілік көріп біліп отыр, көршілес елдердегі банктердің жағдайының мүшкілдігі мемлекетте әлеуметтік болсын, экономикалық салада болсын, үлкен проблемалар тудырып отыр. Ал елдегі кез-келген кәсіпорынның немесе зауыт, фабрика мен өндіріс нысандарының жұмысын тоқтатуы үлкен қиындықтарға алып келетіні түсінікті. Бізде қаржы мәселесімен қатар, жылжымайтын мүліктің жағдайы біршама жетіле бастады. Ипотекалық несиелер қайта қаржыландырылуда. Осының өзі мемлекеттің өз азаматтары үшін қаншалықты еңбек етіп жатқандығының айқын көрінісі» дейді басқарма төрағасы. Оның сөзінше, елде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту шаралары да алға басып отыр. Осылардың барлығы да ойдан шығарылған емес, әлемдік тәжірибеден жинақталған үлкен қор. Бұл бүгінгі экономист менеджерлер мен қаржыгерлердің деңгейін көрсетеді. Дағдарыс ерте ме, кеш пе аяқталады. Ал болашаған ойлайтын елдер қазірдің өзінде «Дағдарыстан кейін не болады?» деген мәселе төңірегінде бас қатыруда. «Бұл бізді де толғандыруы тиіс мәселелер» деді Қ. Келімбетов. Бұл пікірді Елбасының көмекшісі Әсет Исекешов те қолдады. «Бүгінгі күні елімізде талқыланып отырған өзекті мәселелердің бірі Қазақстанның стратегиялық даму бағыты болып отыр. Бұл мәселе қазірдің өзінде еліміздің алдына тек дағдарыс жағдайындағы ғана емес, одан кейінгі уақытта іске асырылуы тиіс шараларды жоспарлау міндетін қойып отыр. Дағдарыс ерте ме, кеш пе аяқталып, тұрақты дамуға бет аламыз. Алайда тап осы дағдарыс бізге экономикамызда қалыптасқан проблемаларды шешуге ықпал етуі керек. Алдағы жылдары әлемді геосаяси және геоэкономикалық кеңістікте үлкен өзгерістер күтіп тұр. Әлемнің көптеген дамыған мемлекеттері экономикалық саясаттарын өзгерте бастады. Алдағы онжылдық әлемдегі технологиялық жаңалықтарға толы болады. Енді алдыңғы орынға табиғи ресурстар мен арзан жұмыс күші емес, дамыған адам капиталына негізделген инновациялық экономиканы қалыптастыру мәселесі шығады. Бұның өзектілігін неғұрлым ерте түсініп, оған қатысты шараларды ертерек қолға ала бастаған елдер ұтады. Осыған орай, бүгінгі таңда біздің алдымызда дағдарысқа қарсы бағдарламадан бөлек, ұзақ мерзімді стратегия дайындау міндеті тұр», деді Ә.Исекешов.
Соңғы жаңалықтар