Отан қорғаудан асқан биік мақсат жоқ – подполковник Өміржан Сахатов

Өміржан Сахатов
Фото: "Батыс" өңірлік қолбасшылығы

ОРАЛ. KAZINFORM – 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Осы айтулы мерекеге орай Kazinform тілшісі ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінің командирі, подполковник Өміржан Сахатовпен әңгімелескен еді.

- Өміржан Төлешұлы, Отан қорғаудан биік мақсат жоқ. Осыған байланысты не айтар едіңіз?

- Әскери қызмет жүрегі Отаным деп соғатын кез келген жігіттің өміріндегі маңызды кезең дер едім. Елі мен жерін қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыру Қазақстандағы стратегиялық мақсаттың бірі екендігі мәлім. Өйткені әрбір әскери құрылым – ел егемендігінің тірегі, тұтастығының жарқын кепілі, халқымыздың ертеңгі күнге деген сенімі де осы арқылы беки түседі десек, еш артық айтқандық емес. Сол себепті әр азамат Отан қорғауды абыройлы міндет ретінде сезініп, ел алдында берген антына адал болып, биік шыңдарды бағындыра білгені абзал. Қазіргі таңда мемлекетімізде 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды жігіттер әскери борышын өтеуі тиіс. Осы орайда Отан отбасынан басталады демекші, әр ата-ана елін қорғаудың ұлы іс екендігін баласының құлағына кішкентайынан құйып отырса, ол соны терең ұғына түседі.

- Енді сіздің әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі туралы әңгімелеп берсеңіз?

- Біздің әскери бөлімде шамамен 400-ге жуық сарбаз қызмет атқарады. Олар киім-кешекпен, арнайы құралдармен, қару-жарақпен қамтамасыз етілген. Қазіргі кезде барлығы беріледі, қызметін ойдағыдай атқаруға еш кедергі жоқ. Таңғы сағат 06.00-ден кешкі 22.00-ге дейін қызметте болып, содан кейін 8 сағат ұйықтайды. Сарбаздар күніне үш рет тамақтанады.

- Сонда Ұлттық ұлан жауынгерлері күнделікті қандай қызметпен айналысады?

- Ұлттық ұланның тапсырмаларына сәйкес жауынгерлік міндеттерін атқарады. Соның ішінде Орал қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысады. Сондай-ақ екі түзету мекемесін күзетеміз. Одан бөлек жеке құрамның жауынгерлік дайындығын шыңдау үшін сабақтар мен жаттығулар өткізіледі.

- Әскери борышын өтеуге келген сарбаздар ауырып қалса, қайда емделеді?

- Өзіміздің бөлімде медициналық лазарет бар. Оған қоса қаладағы емханалармен келісім жасалған. Соған байланысты ауруханаларда тегін емделеді.

- Бөлімде көбіне қай облыстардың өкілдері қызмет етуде?

- Әрине, алдымен Батыс Қазақстан облысын айтар едік. Сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Алматы, Түркістан өңірлерінен көп келеді. Біздің міндет – олардың әскери білім-білігін арттырып, денсаулығын шыңдап, елдеріне аман-есен қайтару.

- Ата-аналарымен байланыс қалай?

- Взвод командирлері ортақ чатта үнемі хабарласып отырады. Оған қоса демалыс күндері сарбаздар ата-аналарына қоңырау шалып, амандығын білдіреді.

- Бөлімде әскери тәртіп жағы қалай, әлімжеттік сияқты деректер тіркелген жоқ па?

- Әскери тәртіп ойдағыдай деп айтуға болады. Әскери бөлім аумағында, роталарда бейнекамералар орнатылған, бәрі бақылауда ұсталады. Әрине, жауынгерлік қызметтің өз қиындықтары бар, оған көндігіп, үйреніп кету оңайға түспейді. Бірақ бізде әлімжеттік бойынша деректер тіркелген жоқ. Батыс Қазақстан облысы бойынша сарбаз аналарының өз ұйымы бар. Төрайымы Гүлсім Салыққызы кез келген уақытта әскери бөлім аумағына рұқсат қағазымен кіріп, сарбаздармен тілдесе алады. Олардың хал-жағдайын біліп, ата-аналарына хабарлап отырады.

- Биылғы су тасқыны кезінде Ұлттық ұлан жауынгерлері де көппен бірге тізе қосып, ұйымшылдықпен еңбек етті. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

- Иә, су тасқыны басталған 26 наурыздан бастап 380 сарбаз бөгеттерді биіктету, қапшықтарды толтырып, төсеу істеріне атсалысты. Күні бүгін жедел мақсаттағы батальоннан 80 жауынгер №1, 2, 3-саяжайлар және «Самал» шағынауданында жаяу жүріп, өз қызметтерін атқаруда. Яғни олар оқыс оқиға болмас үшін су басқан саяжайларды күзетіп, тұрғындарды сақтандырады, қауіпті жерлерге жібермейді.

- Әскерде командирдің жеке бас үлгісі ерекше рөл атқаратыны белгілі. Осыған орай өзіңіз де соған сай болуға ұмтыласыз ғой?

- Әлбетте, солай! Басқаша болуы мүмкін емес. Өйткені қатардағы сарбаздар командирлерге қарап бой түзейді. Солардай болғысы келіп, өздерін соған бейімдейді.

- Ал үлгілі жауынгерлер үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған?

- Бөлініс командирлері әр сарбаздың теориялық біліміне және дене дайындығына баға беріп отырады. Ең бастысы, үздіктерге қызметтік мінездеме мен жолдама және сертификат беріліп, соның негізінде олар жоғары әскери оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ түсе алады. Өткен жылы 28 сарбаз өз өңірлеріндегі осындай оқу орындарына түсті. Сонымен қатар әскери борышын өтегендер ішкі істер және ҰҚК органдарына қызметке кіре алады.

- Өзіңіз қай аймақтың тумасы боласыз?

- Мен Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Қаратал ауылында туып-өстім. 2002 жылы мектеп бітіргеннен кейін Петропавл қаласындағы жоғары әскери училищесіне оқуға түстім. Осыған дейін Көкшетау қаласында «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасы 5510-әскери бөлімінде штаб бастығы болдым. Оралға биылғы ақпанда қызметке келдім. Зайыбым Гүлнәрмен бірге Дияр, Дамир және Сафия есімді үш ұл-қызымызды тәрбиелеп отырмыз. Олардың да елін сүйетін патриот болып өскенін қалаймыз.

- Әңгімеңізге рахмет, мереке құтты болсын!

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бөгет салуда Ұлттық ұлан жауынгерлерінің 1 млн құм толтырылған қап дайындағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар