Отан қорғаушылар күні ақтөбелік әскери қызметкерлер баспаналы болды
Мінсіз қызмет еткен әскери қызметкерлер мереке күні 1, 2, 3 дәрежелі медальдармен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімі бүгін Отан қорғаушылар күніне жіті дайындалған. Сарбаздар сап түзеді, әскери қызметкерлер өз жұмысы мен әскери техниканы, қару-жарақ пен арнайы киімдерінің қыр-сырын түсіндірді. №6655 әскери бөлімі штаб бастығының аға көмекшісі Бауыржан Нұғмановтың айтуынша, үйретілген иттер есірткі, жарылғыш зат іздейді, күзетеді. Мәселен, өткен жылы екі қылмыстың ізі суымай ашылып, рұқсат етілмеген заттар тасымалдаудың үш дерегі анықталды.
Отан қорғаушыларды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады. Бейбіт заманның бүгінгі батырларына алғысын айтты.
«Сіздердің ерліктеріңіз бен қырағылықтарыңыздың арқасында Қазақстан бейбіт заманда өмір сүріп жатыр. Қазақстандықтар болашағы туралы үрейленбей, таңертең еш уайымсыз жұмысқа барып жүр. Әр азаматтың міндеті өз Отанын қорғау, сүю, Отан алдында азаматтық борышын өтеу. Ал сіздер Ақтөбе халқының тыныштығын күзетіп, жайлы өмір үшін үлес қосып келесіздер»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Бүгінгі №6655 әскери бөлімінің үш қызметкері баспаналы болды. Олар №6655 әскери бөлімінің қызметкерлері Жандос Жұмағұлов, Алмас Мұсабеков және Денис Ча. Әскери қызметкер Денис Ча Ақтөбеге Петропавл қаласынан келген. Бір ай бойы пәтер жалдап, екі баласымен көшіп-қонып жүрген №6655 әскери бөлімі командирінің орынбасары бүгін қос мерекені атап өтті.
«Ақтөбе өте керемет өңір. Мен Петропавл әскери институтында білім алып, Қызылорда, Астана, Қарағанды қалаларында жұмыс істедім. Қазір Ақтөбеге қоныс аудардым. Пәтерлі болып, мереке күні қос қуанышты атап өтіп жатырмыз»,- деді Денис Ча. Сонымен қатар, Отан қорғаушылар күні ақтөбелік әскери қызметкерлер Президент Жарлығымен мінсіз қызметі үшін 1, 2, 3 дәрежелі медальдармен марапатталды. Облыс әкімі қарулы күштердің құрылғанына 25 жыл толуына орай азаматтардың қауіпсіздігі мен тәртіпті нығайтудағы қызметі үшін алғыс хат берді. Ал Ұлы Отан соғысының ардагері Өтеш Жалмағамбетов әскери қызметкерлер мен жас сарбаздарды мерекемен құттықтап, олардың бақытты ұрпақ екенін еске салды.
Мерекелік шара кезінде алты ай бұрын әскерге шақырылып, жауынгерлік жаттығуды меңгерген жас сарбаздар сапта тұру, жүру, қару ұстау әдістерін көрсетті.