«Отандастар» іс-шарасы Батыс Қазақстанда да басталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл іс-шара екі кезеңмен тамыз айының аяғына дейін жүргізілмек. Осы үш айда барлық қала, ауыл-аймақ тұрғындары өз ұсыныстары мен өтініш-тілектерін арнайы әзірленген қағазға жазып, тапсыра алады.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбековтің айтуынша, «Нұр Отан» ХДП XIII съезі қарсаңында партияның 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы жасалады. Бұл бағдарламада әрбір қазақстандықтың пікірі барынша ескерілмек. Партияның барлық филиалдары жанынан халықтың өтініш-тілектерін қабылдайтын орталықтар ашылады. Ниет білдірген азаматтар осы орталыққа келіп, өзінің өтінішін, идеясын жазып тапсырады. Мұның бәрі сарапқа салынып, партияның бағдарламасына енгізілмек. Яғни кең көлемдегі жобаға барлық қазақстандықтардың қатысуға мүмкіндігі бар.
Арнайы жұмыс тобы жиналған өтініш-тілектер бойынша әр аймақтың проблемалық картасын жасауды да қолға алмақшы. «Отандастар» жобасын жүзеге асыру арқылы халықпен кері байланыс орнатудың жаңа механизмі іске қосылады. Сондай-ақ қоғамның көкейтесті мәселелерін анықтау, нақты шаралар алу мүмкіндігі де арта түспек.