Отандық балуан қыз бір жылда екі рет Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM — Вунгтауда (Вьетнам) күрес түрлерінен жастар арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық Зейнеп Баянова жүлдеге ілікті.

Батысқазақстандық балуан 23 жасқа дейінгілер арасында 53 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанды.
Қазақстан күрес федерациясынан мәлім еткеніндей, З.Баянова қола медаль үшін бәсекеде өзбекстандық Дилшода Матназарованы айқын басымдылықпен ұтты — 13:1.
Бұл — Зейнептің биылғы Азия біріншілігіндегі екінші қоласы. Осыған дейін ол Иордания астанасы Амманда ересектер арасында өткен құрлықтық бәсекеде қола жүлдегерлер қатарынан көрінген еді. 20 жастағы балуанның жеке бапкері — Мұсабек Нарегеев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зейнеп Баянованың арманы олимп шыңын бағындыру екендігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.