Отандық фармацевтикалық өнімнің көлемі қаншалықты артты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы фармацевтика саласындағы өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар бекітіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім етті.

Фармацевтика
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

— 2024 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық фармацевтикалық өндірушілер 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,7 пайызға артық өнім шығарды. Қазіргі уақытта (2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша) 32 қазақстандық тауар өндірушімен 2291 атауды, оның ішінде 462 дәрілік препаратты және 1829 медициналық затты жеткізуге 88 ұзақ мерзімді шарт жасалды. Бұл тұрғыда дәрі-дәрмек бойынша 41 шарт, ал медициналық заттарға 47 ұзақ мерзімді шарт бекітілді, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар, Pfizer (АҚШ), Hoffmann-La Roche (Швейцария), AstraZeneca AB (Ұлыбритания) компаниясымен 6 түпнұсқа патенттелген дәрілік затты жеткізу үшін келісімшарттық өндіріске арналған ұзақ мерзімді шарттар жасалды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, денсаулық сақтау жүйесінде дәрі-дәрмек бағасын 30 пайызға дейін төмендету шаралары қабылданбақ.

Қазір фармацевтика саласында 2029 жылға дейін отандық дәрі-дәрмек өндірісі үлесін 50%-ға жеткізу жөніндегі тапсырманы орындау бойынша шаралар қабылдануда. Айта кетейік, бұған дейін отандық дәрі-дәрмек үлесін 50 пайызға жеткізу үшін 7 жоба қарастырылып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар