Отандық фермерлер шетелдік тұқымға тәуелділіктен қашан құтылады

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы — ел экономикасының стратегиялық маңызды салаларының бірі. Былтыр Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенінің өсімі шамамен 6 пайызға жетіп, өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңге болды. Ал саланы жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 1 триллионнан 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды.

Отандық фермерлер шетелдік тұқымға тәуелділіктен қашан құтылады
Видеодан алынған кадр

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында аграрлық секторды дамытуға басымдық беріп, фермерлерге ұзақ мерзімді несие ұсыну, отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін арттыру және ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізу міндеттерін қойды. Сондай-ақ суармалы егіншіліктің әлеуетін пайдаланып, өнімділікті 2–2,5 есе арттыру мүмкіндігін атап өтті.

Алайда бөлінген қаржы шаруаларға қаншалықты қолжетімді? Отандық техника өндірісі импортты алмастыра ала ма? Жасанды интеллект аграрлық саланы қалай өзгертеді? Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында ҚР құрылтайының депутаты Әбілқайыр Тамабек айтып берді.

Депутаттың айтуынша, кейінгі жылдары ауыл шаруашылығына көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі едәуір артқан. Мәселен, 2022 жылы қаржыландыруға 140 млрд теңге бөлінсе, «Кең дала-2» бағдарламасы іске қосылғаннан кейін 280 млрд теңгеге жеткен. Ал кейінгі екі-үш жылда агроөнеркәсіп кешеніне көрсетілген жалпы қолдау көлемі 1,5 трлн теңгеге дейін өсіп, рекордтық көрсеткішке жеткен.

— 2022 жылы ауыл шаруашылығына 1–1,5 трлн теңге бөлінеді дегеннің өзі арман болатын. Қазір бұл межеге жеттік. Президент Жолдауында атап өткендей, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 71 сүт-тауарлы ферма ашылды, — деді Әбілқайыр Тамабек.

Алайда спикер сөзінше, ауыл шаруашылығында әлі де жеткілікті көңіл бөлінбей келе жатқан маңызды бағыт бар. Ол — аграрлық ғылым. 2024–2026 жылдарға арналған бюджетте бұл саладағы ғылыми зерттеулерге небәрі 9,8 млрд теңге қарастырылған.

— Біз аграрлық ғылымға қалдық принципімен қарап келеміз. Жаңа тұқым шығарып, оны өндіріске енгізудің өзіне 10–15 жыл уақыт керек. Кеңес Одағы кезінде қазақтың ақбас сиыры, солтүстік меринос қойы сияқты жаңа тұқымдар шығарылды. Ал тәуелсіздік жылдарында бұл бағытта жұмыс баяулады. 2011 жылы Ордабасы ауданында бір ғана жаңа мал тұқымы шығарылды. Одан кейін айтарлықтай жаңалық болған жоқ. Сондықтан ғылымға басымдық беруіміз керек, — деді депутат.

Аграрлық ғылымға бөлінетін қаржы көлемін арттыру қажет — депутат

Әбілқайыр Тамабек, елдегі агарарлық ғылымға бөлінетін қаржыны Нидерландының тәжірибесімен салыстырды. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы жерінің көлемі Қазақстаннан әлдеқайда аз бұл ел аграрлық өнім өндіру мен экспорттауда әлемдік көшбасшы. Мұның бір себебі — ғылымға басымдық беру.

— Нидерландта ғылымға жыл сайын 300 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Ал тұқым шаруашылығындағы жетекші компаниялар өз өнімдерін жетілдіруге жылына 150–200 млрд теңге жұмсайды. Олар өнімді өсіруден бастап, тасымалдау мен сақтауға дейінгі барлық кезеңді зерттейді. Тіпті өнімнің көлемі, түсі мен дәмін де тұтынушының талғамына қарай бейімдейді. Мысалы, біз үлкен қарбызды ұнатсақ, Еуропа нарығына шағын, бір-екі келілік қарбыз ұсынады. Мұның бәрі — ғылыми зерттеудің нәтижесі, — деді Әбілқайыр Тамабек.

Ал Қазақстанда жеміс-жидек пен көкөніс өсіруге қажетті тұқымның басым бөлігі шетелден жеткізіледі. Депутат мұны отандық селекцияның кенже қалуымен байланыстырды. Оның пікірінше, аграрлық ғылымға қаржы бөліп қана қоймай, зерттеушілерге нәтижеге жету үшін жеткілікті уақыт беру қажет.

— Ғылымның нәтижесін бір жылда талап ету дұрыс емес. Жаңа тұқым шығару үшін бірнеше сынақ өткізіп, оны қайта-қайта жетілдіру керек. Бұл — ұзақ жұмыс. Ғалымдардың да еңбегі бағалануға тиіс, олардың жалақысы бар. Сондықтан зерттеуге қаржы бөліп, жұмысты дәл қазір бастау қажет, — деді депутат.

Оның айтуынша, ғылымға салынған инвестицияның маңызы жаңа өндіріс орындары іске қосылған сайын арта түседі. Мәселен, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында жүгеріні терең өңдейтін зауыттар салынып жатыр. Олардың жалпы өндірістік қуаты жылына 4 млн тоннаға жуықтайды.

— Елде әзірге шамамен 1 млн тонна ғана жүгері өндіріледі. Оның үстіне, жүгері тұқымының 90 пайызы импортқа тәуелді. Отандық «Будан» тұқымы да заман талабына сай жаңартуды қажет етеді. Қазір шаруалар бұл сортты кеңінен пайдаланбайды. Сондықтан жаңа зауыттардың шикізатқа деген сұранысын өтеу үшін жергілікті тұқым шаруашылығын дамыту маңызды, — деді ол.

Қазақстан UPOV ұйымына мүше болуды жоспарлап отыр

Бұл бағыттағы қаржыландыруды ұлғайту мәселесі алдағы үш жылдық бюджет жобасында да көтерілген. Депутаттың айтуынша, бастапқыда аграрлық ғылымға қайта 8–9 млрд теңге бөлу ұсынылған. Алайда құжаттары мен техникалық-экономикалық негіздемесі дайын қосымша жобалар іріктеліп, тағы 2–3 млрд теңге қосылған. Бюджет жобасы әзірге Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданған.

Ғылымды қаржыландырумен бірге, оның нәтижесін өндіріске енгізуге жағдай жасау да маңызды. Бұл ретте депутат Қазақстанның өсімдік сорттарын қорғау жөніндегі UPOV халықаралық ұйымына мүшелік мәселесін көтерді. Ұйымға әлемнің 80-ге жуық елі кіреді. Қазақстан оған қосылу жұмысын 2007 жылы бастағанымен, мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған.

— UPOV-қа мүше болмау шетелдік селекциялық компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отыр. Өйткені олардың жаңа сорттары мен селекциялық жетістіктеріне қатысты авторлық құқықты қорғау тетіктері жеткіліксіз. Соның салдарынан шетелдік компаниялар елімізде тұқым өндіретін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудің орнына, дайын өнімді сатумен шектеледі. Егер біз UPOV ұйымына мүше болсақ, шетелдік компаниялар өз технологияларын Қазақстанға әкеліп, осында селекциялық жұмыстар жүргізе алады. Бұл отандық тұқым шаруашылығын дамытуға жол ашады. Қазір осы мәселені заңнамалық тұрғыдан реттеу бағытында жұмыс істеп жатырмыз, — деді депутат.

Бұл мәселені шешу үшін Селекция және тұқым шаруашылығы туралы заңнаманы жетілдіру қажет. Аталған заң жобасы бұған дейін де Мәжілістің қарауына бірнеше рет ұсынылғанымен, қабылданбай қалған. Қазір осы бағыттағы жұмыс қайта қолға алынған.

Депутаттың пікірінше, аграрлық ғылымға тұрақты қаржы бөліп, шетелдік технологиялар мен тәжірибені тартуға жол ашу отандық тұқым шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл, түптеп келгенде, импортқа тәуелділікті азайтып, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, жақында Қазақстан мен Армения агроөнеркәсіптік өнімдер саудасын арттыру үшін жұмыс тобын құрады.