Отандық ғалымдар сүт безі обырын анықтайтын ЖИ жүйесін әзірлеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық ғалымдар сүт безінің қатерлі ісігін диагностикалау және аурудың даму барысын болжауға арналған жасанды интеллект жүйесін әзірледі. Қазір технология Қостанай мен Қарағанды облыстарында пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр.
Жоба маммография, МРТ, КТ және биопсия нәтижелерін талдап, дәрігерлерге диагноз қоюда көмектесуге бағытталған. Бұл туралы Astana IT University Жасанды интеллект және ғылыми-инновациялық технологиялар орталығының директоры Бейбіт Әбдікенов Jibek Joly телеарнасындағы Bugin.LIVE бағдарламасында айтты.
Қазақстанда әйелдер арасында ең жиі кездесетін онкологиялық ауру — сүт безінің қатерлі ісігі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елімізде осы дерттің 5 743 жаңа жағдайы тіркелген. Ауруды ерте анықтау емнің нәтижелі болуына тікелей әсер етеді.
Осы бағытта Astana IT University ғалымдары жасанды интеллектіге негізделген диагностикалық жүйе әзірледі. Ғылыми жоба 2024 жылдың күзінде басталған. Зерттеуге университетпен қатар Онкология және радиология институты, Генетика және физиология институты, Астана қаласының онкологиялық орталығы және Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ұйымдар қатысып жатыр.
Жобаның негізгі ерекшелігі — жасанды интеллект сүт безі обырын диагностикалаудың бірнеше кезеңіндегі медициналық суреттерді талдай алады. Атап айтқанда маммография, ультрадыбыстық зерттеу, томосинтез, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, сондай-ақ биопсия материалдарының цифрлық кескіндері қолданылады.
Бірінші кезеңде жүйе қатерлі ісікке күдік бар-жоғын бағалайды. Кейін ісіктің орналасуы мен көлемін анықтауға, басқа ағзаларға таралу ықтималдығын бағалауға көмектеседі. Ал биопсия материалдарын талдау арқылы қатерлі жасушаларды анықтау көзделген.
— Біздің негізгі мақсатымыз — сүт безі қатерлі ісігін скринингтен өткізу процесін автоматтандыру. Біз бүкіл диагностикалық кезеңдегі цифрлық суреттерді қолдана отырып, жасанды интеллект модельдерін әзірледік. Бірінші кезеңде қатерлі ісікке күдік бар-жоғын бағаласа, келесі кезеңдерде оның орналасуын, көлемін және жасушалар санын анықтауға мүмкіндік береді, — деді Бейбіт Әбдікенов.
Ғалымдардың жұмысы диагноз қоюмен ғана шектелмейді. Олар науқастың алдағы жағдайын болжауға арналған модельдерді де әзірлеген. Яғни емдеу тәсіліне қарай пациенттің үш немесе бес жыл өмір сүру ықтималдығын бағалау және аурудың қайта пайда болу қаупін болжау қарастырылған.
Жоба жетекшісінің айтуынша, бұл бағыттағы зерттеулермен ол 12 жылдан бері айналысып келеді. Алғашында ғылыми жұмысы сүт безі қатерлі ісігінің математикалық моделін жасауға арналса, кейін зерттеу жасанды интеллект технологияларымен толыққан.
Қазір әзірлеме медициналық мекемелерде пилоттық режимде сыналып жатыр. Алғашқы сынақ шілде айында Қостанай облысында басталған. Қазан айында Қарағанды облысы да жобаға қосылған. Ғалымдар пилоттық кезеңде шамамен 3 мың пациенттің дерегін талдауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қараша айында Ақмола облысымен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Бұл өңірде сынақ жұмыстарын бастау көзделіп отыр.
— Қазір жүйе жеке пилоттық ортада жұмыс істеп тұр. Пациенттердің деректері анонимді түрде енгізіледі. Дәрігерлер өздері қойған диагноз бен жасанды интеллект ұсынған нәтижені салыстыра алады. Пилоттық жоба толық аяқталғаннан кейін оның қорытындысын ғылыми мақала ретінде жариялаймыз, — деді орталық директоры.
Оның айтуынша, технологияны медициналық тәжірибеге енгізу үшін тек техникалық мүмкіндіктерді пысықтау жеткіліксіз. Жасанды интеллект пен дәрігердің шешім қабылдаудағы рөлін айқындайтын құқықтық тетіктер де қажет. Сондықтан жобаны серіктес ұйымдармен бірге клиникалық тәжірибеге енгізудің нормативтік мәселелері де зерттеліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін, қуық обырын емдеудің жаңа тәсілін зерттеп жатқан қазақ ғалымдары жайлы жазған едік.