Отандық ғалымдардың «жыртқыш журналдардағы» мақалаларының үлесі 2,5 есе азайды
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақстандық ғалымдардың «жыртқыш журналдардағы» мақалаларының үлесі 2,5 есеге азайғанын мәлімдеді.

«Ұлттық жазылым аясында Қазақстанның ғылыми ұйымдары халықаралық деректер базасына тегін қол жеткізумен қамтамасыз етілген. Ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындары республикалық бюджет есебінен Web of Science, Scopus және Science Direct дерекқорларын пайдаланады. Айына орташа кіру саны 100 000-нан асады. Және бұл көрсеткіштер үнемі артып келеді. 2023 жылы Scopus базасы бойынша Топ 10 пайыздан Қазақстан ғалымдарының ғылыми журналдардағы мақалалары мен шолуларының саны 37 пайызға өсті. 2011 жылмен салыстырғанда Қазақстан авторларының қалыпқа келтірілген дәйексөздері («Ғылым туралы» ҚР Заңы қабылданған жылы) екі есеге өсті. «Жыртқыш журналдардағы» мақалалардың үлесі 2,5 есе азайды. Бұл да ғалымдардың академиялық адалдығының жақсы көрсеткіші», - деп атап өтті министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Ведомствоның атап өтуінше, осы уақытқа дейін дәйексөздеудің қазақстандық базасын қалыптастыру қазіргі заманғы талаптарға жауап бермейтін әртүрлі ескірген технологиялар негізінде жүзеге асырылды. Деректер базасы 2005 жылдан бастап қалыптасуда және 1992 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі жарияланымдар мұрағатынан тұрады. Бұл көп жылдық динамиканы бақылауға мүмкіндік береді. 2008 жылдан бастап журналдар үшін импакт-фактор есептеледі.
«Қазіргі уақытта рефераттық деректер базасы – «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ дәйексөздердің қазақстандық базасы 183 мыңнан астам мақаладан және 168 қазақстандық ғылыми журналдағы 500 мыңнан астам мақалаға жақын сілтемеден тұрады. 5 000-ға жуық автор профилі жасалды», - деді министрліктен.