Қазақстандық генетик қазақ халқының тарихын зерттеудің жаңа бағытын ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық генетик Мақсат Жабағин қазақ және Орталық Азия халықтарының генетикалық тарихын зерттеп, ата-бабаларымыздың көші-қоны мен өзге халықтармен туыстық байланысын ДНҚ арқылы анықтап жүр. Ғалымның осы бағыттағы еңбегі биыл халықаралық USERN Prize 2026 сыйлығымен бағаланды.

Қазақстандық генетик қазақ халқының тарихын зерттеудің жаңа бағытын ұсынды
Видеодан алынған кадр

Мақсат Жабағин биологиялық ғылымдар саласы бойынша аталған марапатты иеленген алғашқы қазақстандық атанды. Ғалымның айтуынша, бұл жетістік жеке басының табысы ғана емес, отандық ғылымның халықаралық деңгейдегі әлеуетін көрсететін маңызды нәтиже.

— Бұл марапатты алған кезде қуаныш пен мақтаныш сезімін бастан өткердім. Бірақ ол мақтаныш өзім үшін емес, Қазақстан үшін болды. Еліміздің ғылыми әлеуетінің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсеткеніме қуандым, — деді ол Jibek Joly телеарнасындағы Бүгін.LIVE бағдарламасынада.

Ғалымның айтуынша, оның зерттеу жұмыстарының басталғанына он жылдан асқан. 2018 жылы Қазақстанға оралғаннан кейін отандық ғылыми мекемелермен бірлесіп, осы бағыттағы зерттеулерді жалғастырған. Жас ғалымдарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен ғылыми гранттар, сондай-ақ қажетті зертханалық жабдықтардың алынуы жұмысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берген.

Мәселен Ұлттық биотехнология орталығына ДНҚ тізбегін оқуға арналған секвенатор сатып алуға мемлекет тарапынан қаражат бөлінген. Сонымен қатар зерттеу тобының жас мамандары халықаралық тағылымдамалардан өтіп, шетелдік ғылыми орталықтармен байланыс орнатқан.

ДНҚ қазақ тарихының қандай құпиясын ашады?

Мақсат Жабағиннің зерттеулерінің негізгі бағыты — Қазақстан мен Орталық Азия халықтарының генетикалық әртүрлілігі және қалыптасу тарихы. Ғалым бастапқыда әке жағынан ұлға берілетін Y-хромосоманы зерттесе, кейін ана арқылы тұқым қуалайтын митохондриялық ДНҚ-ға көшкен. Кейінгі жылдары зерттеу ауқымы толық геномдарды талдауға дейін кеңейген.

— 2000 жылдары адамның геномы толық зерттелді. Бірақ сол кезеңнен кейін Орталық Азия өкілдерінің генетикалық деректері халықаралық зерттеулерде жеткілікті қамтылмады. Біз осы олқылықтың орнын толтыруға кірістік, — дейді ғалым.

Оның сөзінше, зерттеу барысында археологтар тапқан көне сүйектерден ДНҚ бөліп алып, оны қазіргі халықтардың генетикалық деректерімен салыстыруға мүмкіндік туған. Тарихи жазбаларда сақталмаған көші-қон үдерістері мен халықтар арасындағы туыстық байланыстарды анықтауға жол ашылды.

Ғалым генетикалық деректерді қазақтың ауызша шежіресімен де салыстырады. Өйткені шежіреде сақталған ру-тайпалардың таралу тарихы мен ДНҚ арқылы анықталған генетикалық байланыстар бірін-бірі толықтыра алады.

— Біздің шежіреміз ауызша, мәдени тұрғыдан беріліп келген. Оның астарында генетикалық деректер де бар екенін анықтадық. Кейбір рулар қазақ арасында ғана емес, Орталық Азияның басқа халықтарында да кездеседі. Бұл олардың тарихы бұрын ортақ өмір сүрген тайпалармен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді. Мұндай бағыттарды әлі де тереңірек зерттеу қажет, — деді Мақсат Жабағин.

Зерттеудің тағы бір маңызды нәтижесі — көне ДНҚ үлгілерінен бұрын белгісіз болған генетикалық ерекшеліктерді анықтау. Ғалымның айтуынша, халықаралық деректер базасымен салыстыру нәтижесінде адам геномында кездесетін жаңа нұсқалар мен көне генетикалық фрагменттер табылған.

Генетикалық зерттеулер медицинаға да қажет

Мақсат Жабағиннің зерттеулері тек халықтардың шығу тегі мен тарихи байланыстарын анықтаумен шектелмейді. Геномдағы ерекшеліктер адамның денсаулығына да әсер етуі мүмкін. Сондықтан бүгінгі зерттеулер болашақта дербестендірілген медицинаны дамытуға негіз бола алады.

Ғалымның айтуынша, қытайлық әріптестерімен бірлесіп Орталық Азия халықтарының геномдық әртүрлілігін зерттейтін консорциум құрылған. Оның аясында алғашқы 166 адамның толық геномы жарияланған.

Зерттеу барысында халықаралық мың геном жобасының деректерімен салыстыру жүргізіліп, Орталық Азия тұрғындарының геномында бұрын сипатталмаған шамамен 2,5 миллион генетикалық ерекшелік анықталған. Сонымен қатар неандерталдықтармен қатар өмір сүрген ежелгі адамдардан мұраға қалған 104 генетикалық фрагмент табылған.

Бұл фрагменттердің кейбірі иммундық және жүйке жүйелерінің қызметімен байланысты болуы мүмкін. Дегенмен олардың нақты қызметін анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет.

— Геномнан табылған әрбір ерекшелік біздің денсаулығымызға әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай деректер болашақта дербестендірілген медицинаны дамыту үшін қажет болады. Бұл бағытта әлі де ауқымды зерттеулер жүргізу керек, — деді ғалым.

Ғылымға қолдау қажет

Мақсат Жабағин алдағы уақытта археологиялық қазбалардан табылатын көне сүйектерді жүйелі түрде генетикалық тұрғыдан зерттеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ қазақ шежіресіндегі ру-тайпалардың жекелеген тармақтарын тереңірек зерделеп, геномдық деректердің медицинадағы қолданылу мүмкіндіктерін зерттеуді жалғастырмақ.

Ғалымның пікірінше, мұндай зерттеулерге тек мемлекеттік қолдау ғана емес, жеке сектор мен меценаттардың да үлесі қажет. Өйткені іргелі ғылымның нәтижесі бірден көрінбеуі мүмкін, алайда оның болашақтағы ғылыми және практикалық маңызы зор.

Жас зерттеушілерге де өз мүмкіндіктерін пайдалануға кеңес берген ғалым қазіргі ғылымды бір адамның немесе бір зертхананың күшімен дамыту қиын екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық ғылыми әріптестік жаңа нәтижелерге қол жеткізудің маңызды шарты.

Айта кетейік, бұған дейін, қазақ руларының тарихы қалай зерттелгені жайлы жазған едік.