Отандық лизинг нарығын дамытудың негізгі бағыттары айқындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың мәлімдеуінше, елімізде лизинг нарығы реттеуді және нарық қатысушылары тап болатын проблемаларды анықтап, тиісті шешімдерді қабылдауды талап етеді.

Мадина Әбілқасымова
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Лизингтік компаниялармен, салалық қауымдастықпен бірлесіп, саланы дамытуға арналған шешімдерді әзірлеу жұмысына белсенді қатысамыз деп ойлаймын. Біз жұмысты жүргізу қажет үш негізгі бағытты көріп отырмыз. Бірінші бағыт — жеке лизингтік компаниялардың мемлекеттік қолдау бағдарламаларын іске асыруға қатысуын кеңейту. Бұған дейін атап өткенімдей, бүгінде лизингтік қаржыландырудың 93%-ын даму институттары қамтамасыз етіп отыр. Бұл Өнеркәсіпті дамыту қоры мен ҚазАгроҚаржы. Олар жеңілдетілген бюджеттік қаржыландыру есебінен қаржыландырылады, — дейді М. Әбілқасымова.

Бүгінде елімізде 2023–2029 жылдарға арналған өңдеуші өнеркәсіпті дамыту тұжырымдамасы және 2021–2030 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасы бар. Аталған бағдарламалар аясында лизингтік қаржыландыру қарастырылған.

лизинг форум
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Біріншіден, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау бағдарламаларына жеке лизингтік компанияларды кеңінен тарту. Бұл қадам бәсекелестік ортаны қалыптастыруға, кәсіпкерлік субъектілері арасында лизингтік қызметті кеңінен таратуға ықпал етеді деп санаймыз. Осылайша, кәсіпкерлерді қолдау құралдарына нарықтың барлық қатысушыны теңдей қамту көзделіп отыр. Екінші маңызды бағыт — лизингтік қызметті кешенді реттеу мен статистика жинау инфрақұрылымын дамыту. Лизинг нарығына қатысты есепті жетілдіру қажет. Біріздендірілген есеп құралын енгізіп, құрылымдық ақпараттық база қалыптастыру қажет және қызметтің бірыңғай стандарттарын айқындаған абзал. Бұл нарықтың ашықтығын арттырып, сапалы талдауды қамтамасыз етуге және мемлекеттік саясаттың негізделген шешімдерін қабылдауға мүмкіндік береді, — дейді ол.

Агенттік басшысының айтуынша, лизингтік компаниялардың саны мен рөлінің артуын ескере отырып, корпоративтік басқару стандарттарын енгізуге, ақпараттың ашықтығына және клиенттермен өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлу қажет. Аталған шаралар инвесторлардың лизингтік компанияларға деген сенімін арттырып, лизинг саласында заманауи әрі ашық реттеу жүйесін қалыптастыруға септігін тигізеді. 

лизинг форум
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Үшінші бағыт — жеке лизингтік компаниялар үшін қаржыландыру көздерін кеңейту. Бүгінде қор нарығы құралдарын капитал көзі ретінде пайдалану кең таралмаған, себебі жеке лизинг берушілердің басым бөлігі — шағын және орта компаниялар. Біз көбінесе лизингтік компаниялар қаржыландыруды екінші деңгейлі банктерден несие алу арқылы тартатынын көріп отырмыз. Бастапқыда қаржыландыру құны жоғары болып қалыптасады, бұл өз кезегінде лизингтік операция барысында түпкілікті қызмет алушыларға да, лизинг алушыларға да әсер етеді. Осыған байланысты басты міндет — лизингтік компаниялар үшін қаржыландыру құнын төмендету. Лизинг құралы — өңдеуші өнеркәсіп компаниялары үшін де, жалпы бүкіл нақты секторды жаңғырту үшін де аса тиімді құрал. Себебі ол несиеге қарағанда қолжетімді, ұзақ мерзімді болуы тиіс, сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін кең ауқымды жабдық түрлеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деп толықтырды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы.

Айта кетейік, Қазақстанда лизинг нарығының көлемі 2,7 трлн теңгеге жетті. 

Бұған дейін қазақстандық кәсіпкерлерге лизинг алудың тиімділігі туралы жазған едік. 

Бүгін елордада «Қазлизинг — 2025: өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қаржыландыру көзі ретінде Қазақстанда лизингті дамыту перспективалары» атты алғаш конференциясы өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар