Отандық маркетплейсті іске қосуды пысықтап жатырмыз — министр

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жаңа сату және сауда жасау платформасы іске қосылады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті.

Ozon, Wildberries сияқты маркетплейстермен сауда жасайтындар нені білу керек
Фото: freepik.com

— Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша инновациялық агромаркетплейс әзірлеп жатырмыз. Бұл жүйе өндірушілер, сауда желілері және мемлекеттік органдар арасында тікелей цифрлық байланыс орнатып, делдалдарды және ашық емес өткізу схемаларын жояды, — деді Арман Шаққалиев Үкімет отырысында.

Осы орайда министр жаңа форматтағы отандық B2B платформасын іске қосу пысықталып жатқанын айтып отыр. 

— Ол көтерме импортты реттеуге шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Осыған орай отандық электрондық платформаны әзірлеп, шетелдік электрондық платформалармен интеграциялау жоспарда бар. Қазір платформаны толық іске асыру үшін сертификаттау рәсіміндегі техникалық кедергіні жою мәселесін нақтылап жатырмыз, — дейді ол.

Сондай-ақ министр Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы 1996 жылғы сауда келісіміне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланып жатқанын тілге тиек етті. 

Бұған дейін ведомство басшысы тауар саудасы саласын цифрландыру барысы туралы айтып берді.

Соңғы жаңалықтар