Отандық машина жасаушыларға шикізат құнын төмендету ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM – Отандық өнім өндіретін кәсіпорындарға ұзақ мерзімге қаржат бөлу мәселесін пысықтау қажет. Бұл бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңын талқылау кезінде палата төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті.

«Дүйсенбі күні біз Қостанай қаласында машина жасау саласын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысын өткіздік, оған депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Сол жерде біраз мәселе көтерілді. Кәсіпорын өкілдері көтеріп отырған мәселеге тоқталсақ, онда ұзақ мерзімді әрі қолжетімді қаржымен қамтамасыз ету турасында айтылды. Пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы, банктермен жұмыс істеуді қиындығы жөнінде сөз қозғалды», - деді М. Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы Парламентте қаралып жатқан бюджетте келер жылы Өнеркәсіпті дамыту қорының қаржысы азайғанын атап өтті.
«Енді оның тиісті себептері болған шығар. Кәсіпорындарды қаржыландырып отырған негізгі институттардың бірі осы ғой?! Осы қордың қаржысын алдағы уақытта көбейтуді қарастыру орынды болады», - деді ол.
Мұнымен қоса Мәулен Әшімбаев отандық машина жасаушылар көтеріп отырған тағы бір мәселеге тоқталды.
«Бұл тақырып шикізатпен қамтамасыз етуге қатысты. Әрине, қазір елімізде шикізатты өңдеу деңгейі көтеріліп жатыр. Алайда отандық өндеушілер біраз шикізат бойынша кен өндірушілерден сатып алып жатқан бағасы жоғары екені айтылып жатыр. Қалыптасқан тәртіп аясында осындай кен өндірушілер халықаралық бағалар тұрғысында 5 пайыздық жеңілдік беріп отыр. Яғни Лондон металл биржасының бағасынан 5 пайыз жеңілдік ескерілген. Бұл тұрғыда осындай жеңілдік отандық өндеушілер үшін тым аз деген мәселе көтеріліп жатыр. Сондықтан отандық машина жасаушыларға, қазақстандық өңдеуші өнеркәсіпті дамытатын компанияларға отандық шикізаттың құнын ары қарай төмендету мәселесін пысықтаған жөн болар еді», - деді Сенат төрағасы Үкімет мүшелеріне қарата айтқан сөзінде.
Еске салсақ, осы аптада Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қостанай облысы мәслихатының депутаттарымен және жергілікті жұртшылықпен кездесті.