Отандық пара теннисшілер әлемдік рейтингтің үздік 100 спортшысының қатарына енді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық пара теннисшілер World Tennis әлемдік рейтингінде тарихи нәтижелерге қол жеткізді. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Рейтингтік ұпайлары бойынша WC175 санатындағы турнирлерге теңестірілген Азия ойындарының қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар World Tennis әлемдік рейтингіндегі орындарын жақсартты.
Атап айтқанда:
- Евгений Быков (Quad) рейтингте 16 сатыға көтеріліп, жекелей сында 73-орынға, ал жұптық сында 74-орынға тұрақтады.
- Айжан Бүтімбаева жекелей сында 93-орынды, ал жұптық сында 76-орынды иеленіп отыр.
- Ердаулет Қадымбергенов жекелей сында бірден 67 сатыға жоғарылап, 145-орынға көтерілді. Ал жұптық сында 210-орында тұр.
- Жанат Үмітқұлова жұптық сында World Tennis әлемдік рейтингінің үздік 100 спортшысының қатарына енді.
- Евгений Быков пен Ердаулет Қадымбергенов Quad және ерлер санаттарында Қазақстан пара теннисі тарихындағы ең жоғары рейтингтік көрсеткіштерге қол жеткізді.
Сонымен қатар, Жанат Үмітқұлова, Айжан Бүтімбаева және Евгений Быков «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын алу үшін қажетті нормативтерді орындады.
Бұған дейін Жібек Құламбаева Үндістандағы турнирде жапониялық теннисшіні екінші рет жеңгенін жазғанбыз.