Отандық шебер Жібек жолы мәдениетін зергерлік өнерде қайта жаңғыртып жүр
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақ мәдениетінде алтыннан жасалған бұйым ұлттың дүниетанымын, салт-дәстүрін және өмірлік кезеңдерін бейнелейтін символ. Үйлену тойындағы қалыңдық әшекейлерінен бастап, ұрпақтан ұрпаққа қалатын зергерлік бұйымдарға дейін әрдайым береке, тұрақтылық пен сабақтастықтың белгісі болып саналған.
Осы мәдени кодты заманауи көркем тілде қайта жаңғыртып жүрген зергерлердің бірі Аслан Базарханов. Ол авторлық заманауи зергерлік өнер бренді – ӘWEQEY-дің негізін қалаушы.
Аслан Базарханов Kazinform агенттігіне берген сұхбатында өзінің шығармашылық философиясы мен алтынның қазақ мәдениетіндегі орны туралы айтып берді.
– Алтын қазақ қоғамында әрқашан мағынаға толы материал болған. Ол тек сән үшін емес, отбасы құндылықтарын, әлеуметтік мәртебені және өмірдің маңызды сәттерін айқындау үшін қолданылған, - дейді зергер.
Асланның айтуынша, оның жұмысының басты ерекшелігі дәстүрлі ою-өрнектерді сол күйінде қайталау емес, олардың ішкі құрылымын, ырғағы мен символдық мәнін зерттеп, заманауи формада қайта пайымдау.
– Мен үшін зергерлік бұйым - дербес көркем объект. Қазақ оюының логикасын, Жібек жолы мәдениеттерінің өзара ықпалын және шығыс философиясындағы тепе-теңдік қағидаларын біріктіруге тырысамын, - деп түсіндіреді ол.
Зергердің шығармашылығында Жібек жолы мәдениеті айрықша орын алады. Тарихи тұрғыдан бұл кеңістік алтын, идеялар мен көркем формалар алмасқан мәдени аймақ болған. Аслан Базарханов осы тарихи тәжірибені қазіргі зергерлік өнер тілі арқылы қайта жандандыруды мақсат етеді.
– Жібек жолы - сауда жолымен қатар мәдени диалогтың символы. Менің жұмыстарымда қазақ, орталықазиялық және жалпыадамзаттық символдар бір композицияда тоғысады. Бұл мәдениеттің бүгінгі күнмен сөйлесу формасы, - дейді ол.
Мамандардың пікірінше, мұндай авторлық жобалар Қазақстанның мәдени бейнесін халықаралық деңгейде танытуда маңызды рөл атқарады. Заманауи зергерлік өнер арқылы ұлттық мәдени код этнографиялық шеңберден шығып, жаһандық көркем дискурсқа енеді.
Осылайша, Аслан Базархановтың шығармашылығы алтынды тек материал ретінде емес, қазақ мәдениеті мен Жібек жолы өркениетінің мәнін жеткізетін көркем тіл ретінде танытады. Оның еңбегі дәстүр мен қазіргі заман арасындағы мазмұнды диалогтың айқын үлгісі.
– Мен үшін зергерлік өнер - бұл мәдени жауапкершілік. Алтын қазақ қоғамында әрқашан мән-мағына жүктелген материал болды. Сондықтан онымен жұмыс істеу тек техника емес, мәдениетпен жұмыс істеу деген сөз, - дейді Аслан Базарханов.
Сарапшылар атап өткендей, аталған бренд Қазақстанда авторлық зергерлік өнерді жаңа деңгейге шығарды. Әрбір коллекция тұтас көркем жоба ретінде әзірленіп, форма, символ және материал тең дәрежеде қарастырылады. Мұндай әдіс зергерлік саласында сирек кездеседі және брендті халықаралық көркем ортада танымал етеді.
Аслан Базархановтың жұмыстары Қазақстанның мәдени имиджін қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Оның шығармашылығы ұлттық зергерлік өнерді этнографиялық деңгейден шығарып, заманауи өнер мен мәдени дипломатия құралына айналдыруымен ерекшеленеді.
Осы себепті Аслан Базарханов тек зергерлік салада емес, жалпы мәдени кеңістікте пікір қалыптастыратын, кәсіби көзқарасы ескерілетін жетекші субъектілер ретінде қарастырылады. Бұл қазіргі Қазақстандағы заманауи зергерлік өнердің бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды факторлардың бірі.