«Отандық техниканы қолдау Ресей мен Беларусь өндірісін ынталандыру емес». Фермерлер неге наразы

Мәжілісте ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңарту саясатын қайта қарау жөнінде отырыс өтті. Жиын барысында фермерлер мен депутаттар мелекеттік органдарға Ресей мен Беларусь техникасынан бас тарту керек деген талап қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ауыл шаруашылығы
Фото: ҚазАқпарат

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, 2023 жылдың басында елде 150 мың трактор, 38,7 мың комбайн, 5 мыңдай егін себетін техника кешені, 76 мың тұқым сепкіш, 219 мың топырақ қопсытатын техника тіркелген. Осынша техниканың 76%-ы ескірген. Әсіресе тракторлардың 80%-ы, комбайндардың 72%-ы тозған.

Министрлік өкілі осы техниканы жаңарту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатқанын айтып, есеп берді.

Фермерлер мен депутаттар аталған қолдау шаралары қағазда мінсіз болып көрінгенімен, нақты іске келгенде қитұрқы тұстары тым көп екенін айтады.

Осы шараға Шығыс Қазақстан облысынан келіп қатысқан «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС бас директоры Фарид Абитаев салалық ведомстволардың ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту саясатын сынады.

«Бәрінен бұрын айтайын дегенім, біз қазір түрлі техниканы егіске салып жүрміз. Соның ішінде кейінгі екі жылда отандық техниканы да пайдаланып жүрміз. Одан бөлек «Ростельмаш», CLAАS техникалары да бар. Бұған дейін Батыстың басқа да өндірістері шығарған техникаларды сатып алғанбыз. Сондықтан Қазақстанда бар техникалардың жұмысы, сапасы, бағасы туралы мәліметтің бәрімен таныспыз. Қазіргі отандық өндірушілерді қолдау саясатын, сөз жоқ, қолдаймыз. Мемлекеттің қолдау шаралары мол деп айтуға болады. Тіпті жеткілікті мөлшерден артық деп есептеймін. Қосымша құн салығынан босату, утильалым, жеңілдетілген несиелер сияқты аса маңызды қолдау тетіктері бар. Бірақ Президент техниканы жаңарту пайызын ғана көтеру керек деген жоқ қой. Ол еңбек өнімділігін арттыру жайын да айтты. Бұл көрсеткіш бойынша айтсақ, қазір Ресей мен Беларусьтен шығатын техника Батыс өндірісінің техникасына ұтылып жатыр», - деді Фарид Абитаев.

Оның сөзінше, геосаяси жағдайлардан кейін бұл техникалар ең соңғы заманауи технологиялардан жұрдай болып шығып жатыр.

«Роботтандыру жағынан да, цифрландыру жағынан да олар артта қалып жатыр. Ауыл шаруашылығындағы цифрландыру еңбек өнімділігін 20 пайызға арттырады. Бұл жалпыға мәлім жайт. Ресей мен Беларусь техникасы қазір осы артықшылықтан қағылған. Осы себептен де мен Ресей, Беларусь техникасына басымдық беріп қою соншалық дұрыс емес деп есептеймін. Қазір біздің басымыздағы проблеманың бәрі ақшаның жетпеуінен болып отыр. Бұған дейін техникаға салатын ақшаның 25 пайызын шетелдік өнімге салсақ, қазір оны 15 пайызға азайтып отырмыз. Оның себебі ақшаның жоқтығында ғана. Біз оның орнын отандық техникамен жапқан болып жатырмыз. Мысалы, CLASS техникалары «Россельмаштың» техникаларынан қымбат. Бұлай кете берсе, CLASS-қа да ақша таппай қаламыз. Бұл дұрыс емес қой», - дейді кәсіпкер.

Сондай-ақ, ол мәселенің салдарын емес, себебін жою керектігін айтады.

«Сондықтан мен техниканы жаңарту толыққанды жүру үшін шаруалардың таңдау еркіндігі болу керек. Отандық сатып ала ма, шетелдік техника сатып ала ма, өзі таңдауы керек. Қазіргі шетелдік техникада еңбек өнімділігі мен цифрландыруға қажет элементтің бәрі бар. Ал Ресей мен Беларусь техникасы ондай артықшылығымен мақтана алмайды. Осыған байланысты мәселені түбірімен шешіп, аграрлық салаға бөлінетін қаржы көлемін арттыру үшін күресуді ұсынамын», - деді фермер.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Ілияс Оспанов Мемлекет Ресей мен Беларусь техникасына басымдық беріп отыр деген уәжге қарсы шықты.

«Ешкім Ресей мен Беларусь техникасына басымдық беріп отырған жоқ. Қазір Қытай техникасы қаптап жатыр. Ол Ресей мен Беларусь техникасына қарағанда сапа жағынан да, баға жағынан да сәл басымдыққа ие. Көбіңіз үлкен супер техника ұстағыларыңыз келеді. Ананы алсақ, мынаны алсақ дейсіздер. Бірақ мен де фермерлермен сөйлестім. 90%-ы сіздер айтып отырған деңгейге әлі жеткен жоқ. Оларға супер техника емес, қарапайым, арзан техника керек. Жұмыс істеп тұрса болды оларға. Сұраныс үлкен болса, біздікілер де үлкен техникамен қамтамасыз етер еді. Ондай техника қымбат. Ол жағын да ойластырып жатырмыз. Ірі кәсіпорындармен сөйлесіп жүргенімізге 10 жылдан асты. Әрең дегенде CLAAS-ты елге кіргізе алдық. Осындай өндірушілерді елге шақырып жатырмыз. CLAAS-тың айналасындағы сияқты экожүйе құрғымыз келеді. Бөлшек шығаратын бір зауыт салынып жатыр. Бірақ оның бәрі ақшаға келіп тіреледі. Менің басымда есеп бар. Жыл сайын техникаға ғана 60-70 млрд теңге бөліп отырсақ, ол мақсатқа жетуге болады», - деді ол.

Депутат Айдарбек Қожаназаров вице-министр келтірген дерекке күмәнданатынын айтып салды.

«Ілияс Есетұлы, мен сіздің шаруалардың 90%-ы арзан техника алғысы келеді дегеніңізге таңғалып отырмын. Арзан деген сөз сапасыз дегенді білдіреді. Мұндай ұстаным дұрыс емес. Біздің міндетіміз – еңбек өнімділігін арттыру. Ол үшін техника сапалы болу керек», - деді Мәжіліс депутаты.

Астық одағының өкілі Тілек Бекбасаров та шаруалардың бәрі арзан техникаға телміріп отыр деген пайымның өтірік екенін айтты.

«Егіске жарамды алқаптың 80%-ы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жатыр. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда 530 мың адам тұрады. Ал аумағы – 4,5 млн гектар. Халық тығыздығы төмен, ал қашықтық орасан. Өнімді техника керек деп отырғанымыз содан. Ресейдің астықты өңірлерінде халықтың тығыздығы бізден 7 есе көп. Оның үстіне бізде халықтың ауылдан көшуі әлі толастаған жоқ. 50 мың гектар жері бар шаруа қожалығы үлкен өнім беру үшін 100 мың адам жұмыс істеу керек. Сондықтан шаруаның бәрін Ресеймен салыстырып жоспарлағанды қою керек. Ресей мен Беларусьтегі жағдай біздікінен мүлдем бөлек», - деді фермер.

Бұл ұстанымды депутаттар да қолдайтынын білдірді.

«Жалпы аграрлық салаға жауапты Мәжіліс комитетіндегі депутаттардың жалпы ұстанымы мынандай, біз ең әуелі ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін нақты фермерді қолдауымыз керек. Фермер кімнен қандай техника сатып алатынын өзі білу керек. Сонымен бірге отандық өндірушілерді де, шетелден техника импорттаушыларды да қолдауымыз қажет. Біз, министрлер мен депутаттар осында отырып алып, фермерлер кімнен қандай техника алатынын шешеміз. Тіпті кейде фермерді нақты бір өндірушінің өнімін алуға итермелейміз. Ал негізі былай болу керек еді. Біз мерзімі ұзақ ақша береміз, фермер оған қандай техника алатынын өзі білу керек. Фермер ет пен сүт, нан беріп тұрса болды. Осыны ғана талап етуіміз керек. Қалауымыз болғанымен, шындық одан сәл басқаша», - дейді Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев.

Ал Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек 2 жылда техника бағасының 2,5 есеге дейін өсуіне алаңдап отырғанын мәлім етті.

«Бәсекелестікті қорғау агентігі арқылы нақты отандық өндірушілердің және импорттаушылардың баға саясатына тексеріс жүргізу керек. Себебі 2 жылда 2-2,5 есе өсіп кету деген өте күрделі мәселе. Демек, мемлекет тарапынан бақылау жоқ шығар», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, агенттікке мұндай бастаманы депутаттар ұсынбақшы.

«Депутаттар ұсыныс береміз деді ғой. Осы комитет отырысының қорытындысы бойынша ұсыныстарды енгіземіз. Ол ұсыныстарды әрі қарай Бәсекелестік қорғау агенттіне жібереді. Сол бойынша егнттік тиісті шаралар қабылдау керек», - деді Әбілхайыр Тамабек.

Соңғы жаңалықтар