Отандық университеттердің әлемдік рейтингісі жоғарылады
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстандағы ЖОО-лар әлемдік рейтингіде жақсы нәтижеге жеткенін айтты.
- Бірнеше стратегиялық шешімдеріміз бірден білім, зерттеулердің сапасында және халықаралық рейтингтерде қазақстандық университеттердің өсуіне әкелді деп айтуға болады. Бұл өз-өзімізді мақтағанымыз емес, яғни объективті екі негізгі академиялық рейтингтің нәтижелері. Мысалы, биыл жарияланған QS WUR 2026 рейтингіне 18 қазақстандық университет енді. Ал THE WUR 2027 — бұл одан да күрделі. Осы рейтингіге 10 жоғары оқу орны енді, - деді С. Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар министр Nazarbayev University ТМД елдері жоғары оқу орындары арасында бірінші орын алғанын айтты.
- Ал QS Asia-да рейтингісіне 51 университетіміз кірді. Бұл — тарихи рекорд. Оның ішінде үш университетіміз: Еуразия ұлттық университеті, Сәтбаев университеті, әл-Фараби университеті топ-жүздікке енді. Бұл — 20-30 жылдың ішінде ең мықты нәтижеміз. Біздің өңірде осы рейтинге ең көп орынды қазақстандық университеттер алды. 51 университетіміз кіріп отыр, - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, кейінгі 7 жылда Қазақстанда 655 мыңнан астам грант берілді.