Жас әншілер Беларусьтегі «Халі-Хало» байқауында жүлделі орындар иеленді

АСТАНА. KAZINFORM — Беларусьтің Новополоцк қаласында эстрадалық ән орындаушыларының XXI халықаралық «Халі-Хало» жасөспірімдер байқауы өтті, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Отандық жас вокалистер Беларусьтегі «Халі-Хало» Халықаралық байқауында жүлделі орындар иеленді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Іс-шараға Қазақстан, Беларусь және Ресейдің дарынды жастары қатысты.

— Қазақстанның атынан өнер көрсеткен қатысушылар кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, орта жас санаты бойынша Астана қаласының жас вокалисі Дәмелі Біржанова «Мұны неге білмейсің?» атты композициясын орындап, I орын иеленді. Жоғары жас санаты бойынша Қазақстанды Әмина Жанат таныстырды. Ол «Қазағым-ай» және ағылшын тіліндегі «Mamma Knows Best» әндерін орындап, II орынға ие болды, — делінген хабарламада.

Отандық жас вокалистер Беларусьтегі «Халі-Хало» Халықаралық байқауында жүлделі орындар иеленді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Байқау қатысушыларының өнерін Қазақстан, Беларусь, Армения және Грузияның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, сондай-ақ жетекші педагогтар, әртістер мен продюсерлер бағалады.

Қазақстан атынан қазылар алқасының құрамында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисі, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Вокалдық өнер» кафедрасының оқытушысы Ибраһим Әмин болды.

Бұдан бұрын Астанада Азиядағы алғашқы ірі вокалдық мегажоба – Silk Way Star жобасының жартылай финалы аяқталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар