Отандық Asia Waters холдингі табиғи минералды суды әлемдік нарыққа шығаруды жоспарлап отыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жаңа отандық Asia Waters холдингі өзінің өнімін әлемдік нарыққа экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл салаға холдинг қомақты қаржы жұмсаған.

«Қазақстанның табиғи суының сапасы атақты әлемдік брендтерден кем емес. Тіпті адам денсаулығына пайдалылығы жағынан кейбір брендтерден артық. Бүгінде бізде нарыққа шығарылып жатқан сулардың көбісі минералсыздандырылады немесе қайта минералдандырылады. Соның салдарынан тұрғындар пайдалы минералдық элементтерді жеткілікті дәрежеде ала алмайды. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әрбір адам тәулігіне 450-750 мл табиғи су ішуі керек», - деді аталмыш холдингтің ғылым бойынша директоры Евгений Пятов.

Оның айтуынша, елімізде жылына бөтелкеге құйылып сатылатын 0,8 млрд литр су өндіріледі екен. Олардың ішінде әрине минералсыздандырылғандары да бар. Бұл көлем, халқымыздың жылдық қажеттілігінің тек 5 пайызын ғана қамтиды. Демек, қазақстандықтардың табиғи суға деген жылдық қажеттілігі - 3 млрд литр суды құрайды.

«Холдингтің басымдыққа ие жоспарларының бірі - қазақстандықтарды қол жетімді табиғи минералды сумен қамтамасыз ету және әлемдік нарыққа шығу. Біз экспорт бойынша бірінші кезекте халқы тығыз орналасқан Оңтүстік-Шығыс және Парсы елдерінің нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Ол елдерде су - стратегиялық өнім. Ал Қазақстанда экспортқа бейімделген кәсіпорындарға Kaznexinvest, сауда миссиясы секілді құрылымдар арқылы мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Біз осына пайдаланғымыз келеді. Қазіргі таңда біз ыдыс жасау бойынша өз өндірісімізді іске қосуға 32 млрд-тан астам теңге жұмсадық. Яғни, «TURAN» сауда маркасымен 100 пайыз отандық өнім шығарылатын болады», - деді өз сөзінде Asia Waters холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Шалқар Нұртілеуов.

Холдингтің құрамына Солтүстік Қазақстан өңіріндегі табиғи минералды судың үш кен орны кіреді. Олар: «Құлагер», «Бұқпа» және «Кеңөткел» кеніштері.

Сусындар «Көкшетау минералды сулары» базасында өндіріледі. Бүгінде бұл компанияда 1 100-ден астам адам жұмыс істейді.

2015 жылы компания тарапынан бюджетке 7 млрд теңге көлемінде салық төленген.

Соңғы жаңалықтар
telegram