10:18, 14 Ақпан 2013 | GMT +5
Отандық әуе тасымалдаушылар Қазақстанның кез келген нүктесінен Тайландтың 4 пунктіне тұрақты рейстерді жүзеге асыра алады
АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Тайланд авиация билігі жүргізген екіжақты келіссөздері нәтижесінде екі ел арасындағы ұшулар географиясын кеңейту және авиарейстердің жиілігін арттыру туралы келісімге қолжеткізілді.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігінен мәлім еткендей, бұрын «Алматы - Бангкок» бағыты бойынша аптасына екі рет тұрақты рейстер жүзеге асырылып келді. Енді қазақстандық әуетасымалдаушылар Қазақстанның кез келген қаласынан Тайландтың 4 пунктіне: Бангкок, Пхукет, Утапао және Крабиге тұрақты ұшуларды жүзеге асыра алады.
Қазақстандық әуе тасымалдаушылар, өз кезегінде тайлық авиакомпанияларға Тайландтың кез келген жерінен еліміздің Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларына тұрақты ұшуларды жүзеге асыруға рұқсат берді.
Бұған қоса, тараптар «Алматы - Бангкок» бағытындағы тұрақты ұшулар санын аптасына 14 рейске дейін, ал «Астана - Бангкок» бағыты бойынша 7-ге дейін, қалған бағыттар бойынша 3-рейске дейін арттыруға келісті.