Отандық газдың әлеуеті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген толағай табыстар аз емес. Егеменді ел болдық, соған орай өз қамымызды өзіміз жеп, бар қиындықты өз күшімізбен еңсеруге талпындық.
None
None

Бұл үшін экономикамызды, әл-ауқатымызды көтеретін, өзге шет мемлекеттерге тәуелділіктен құтқаратын жаңа жобалар қажет болды. Көзделген мақсаттар мен бағыттар қатарында табиғи қазба байлықтарды ел игілігі үшін тиімді пайдалану міндеті де тұрды.

Бұрын Жамбыл өңірінде газ өндірілмеген, тіпті, солай болады-ау деген ой ешкімнің ойына кіріп-шықпаған да болуы керек. Дегенмен, Табиғат ананың адамзатқа берер сыйы сарқылған ба?! 2001 жылы, яғни осыдан дәл 10 жыл бұрын Талас ауданында алып жоба қолға алынып, Амангелді газ конденсаты кен орны өз жұмысын бастады. Ал, 2003 жылдың 23 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, Талас жерінен төгіліп шыққан көгілдір отынның алғашқы алауын жақты!

Сол 2003 жылы 23 қазандағы Елбасының кен орнының ашылу салтанатына қатысып, өңір халқын жаңа жетістікпен құттықтауы аталған өндіріс ошағының маңызын арттыра түскен еді. Сондай-ақ, бұл тарихи сәт «Амангелді газ» ЖШС басшылығына зор жауапкершілік жүктеді. Өйткені, бұл кәсіпорын Өзбекстаннан жеткізіп, тұтынып отырған газымызды дәл іргемізде өндіреді. Сол арқылы облыс жұртшылығы көп жылдардан бергі құлақкесті тәуелділіктен құтылады. Және тағы бір ерекшелігі - мұнда өндірілген көгілдір отынның калориялық қуаты өзбектікімен салыстырғанда 5-10 пайыз жоғары болып шықты.

Елбасы тұсауын кескеннен бергі 12 жылда бұл кеніш 3 миллиард текше метрден астам табиғи газ және 300 мың тоннаға жуық газ конденсатын өндіріпті. Бүгінде кәсіпорында 200 адам жұмыс істейді. Олар 27 ұңғыда еңбек етіп жүр. Облыс халқы бір жылда 1,5 миллиард текше метр газ тұтынатын болса, соның 350 миллион текше метрін осы кәсіпорын өндіріп отыр. «Келешекте бұл межені жылына 550-650 млн текше метрге жеткізуді көздеп отырмыз», деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

Бүгінде өнім өндірумен қатар жаңа қазба орындарын анықтау үшін барлау-зерттеу жұмыстары қабат жүргізілуде. Өйткені, өндірісті кеңейтуге негіз болатын көгілдір отынның жаңа қайнар көздерін табу керек. Бүгінде «Амангелді газ» ЖШС облысқа қажетті газдың төрттен бірін ғана өндірсе, болашақта толығымен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Ол үшін жаңа кен орындарының маңызы зор. Бүгінде сол мақсатта Жарқұм, Айрақты және Анабай газ кеніштерін игеру ісі жүріп жатыр.

Аталмыш кеніш іске қосылғаннан кейінгі жылдары аймақта ауылдарды газдандыру ісі де зор қарқынмен жүргізілді. Облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы арнайы бағдарлама аясында көптеген ауылдарға газ жеткізді. Соңғы шыққан «Жамбыл облысын газдандырудың кешенді бағдарламасы» бойынша негізгі магистральға 10 шақырымға дейін жақын орналасқан 140 елдімекен газдандырылуда. Бірінші кезеңде 84 елдімекенге газ жүргізу ісі жемісті жүргізілді. Бағдарламаның екінші кезеңінде 34, үшінші кезеңде, яғни 2014-2015 жылдары облыстың жеті ауданындағы 73 елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Сонымен, өзіміз өндірген көгілдір отынды ауыл-файмағымызға дейін түгел тұтынып, игілігі мен жемісін көретін уақыт та алыс емес секілді.

Жанат Қапалбаева

Соңғы жаңалықтар