18:09, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Отандық ғылымның жетістіктері ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылуда ? Б.Майқанов
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстан әлеуеті зор аграрлық ел саналады. Бірақ бүгінде қандай әлеует болса да, ғылымның қатысынсыз қарыштап даму мүмкін емес. Ендеше отандық ғылым осы саланың дамуына қаншалық үлес қосып жатыр? С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің проректоры, б.ғ.д., профессор Балғабай Майқановпен сұхбат осы төңіректе өрбіді.
- Балғабай Сәдепұлы! Әңгімеңізді Аграрлық университет қазір қандай бағыттарда ғылыми жұмыстар жүргізіп жатқанынан бастасаңыз? - Университет жоғары білім беру ордасы болғандықтан, мұнда білім беру, тәрбие мен ғылыми-зерттеу жұмыстары әу бастан-ақ қатар жүргізіліп келеді. Сондықтан да жарты ғасырдан астам тарихы бар оқу орыны ғылымының тарихы да осы шамалас кезеңді құрайды. 2001-2005 жылдарға бекітілген бағдарламаны қандай нәтижемен аяқтасақ, 2006-2008 жылдарды да сондай жоғары көрсеткіштермен тәмамдадық деп сеніммен айта аламыз. Соңғы үш жылда университетте ғылыми-зерттеу жұмыстар ауыл шаруашылығы экономикасы; өсімдік шаруашылығы, егіншілік, топырақтану және агрохимия; өсімдік қорғау; микробиология, ветеринария және мал шаруашылығы; өсімдік және жануар биотехнологиясы; жерге орналастыру, ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру бағыттарында жүргізілді. Олар ҚР Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрліктері әзірлеген бағдарламалар аясында жүзеге асырылды. Барлығы 26 тапсырысқа университеттің 200-ден астам профессорлық-оқытушылық құрамы мен 120-дан астам студенті жұмылдырылды. Қаржыландыру көлемі 299 миллион теңгені құрады. Осы бюджеттік бағдарламалар арқылы жасалған ғылыми-зерттеулер барысында 2007 жылғы қаңтардың 1-інен 2008 жылдың қарашасына дейін болжалды өнертабыс үшін сараптамаға 26 өтінім берілді және осы аралықта өнертабысқа 8 патент, 5 инновациялық патент және 7 авторлық куәлік алынды. Соңғы үш жылда университеттің материалдық-техникалық базасы да барынша нығайды. Оқыту үрдісі мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын жақсарту мақсатында жалпы сомасы 120 миллион теңгеге заманауи жоғары технологиялық жабдықтар орнатылды. - Университет аталған министрліктердің бағдарламаларынан тыс, басқа да тапсырыстар бойынша немесе қаржы көздері арқылы зерттеулер жүргізбей ме? - Әлбетте, ондай қаржыландыру көздері де бар. Мысалы, аға-буын және жас ғалымдарымыз түрлі республикалық байқаулардан да тыс қалмай, жеңіп алынған гранттар негізінде зерттеулер жүргізеді. Мысалға, 2006-2008 жылдар аралығында өткізілген «Ғылым мен техника саласын дамытуға қомақты үлес қосқан ғалымдар, мамандар мен дарынды жас ғалымдар үшін» мемлекеттік ғылыми стипендиялар конкурсы бойынша 4 грант иелендік. Сонымен қатар, ҚР АШМ ұйымдастырған «А.И.Бараев атындағы аграрлық ғылым саласындағы үздік ғылыми зерттеулер мен жұмыстар үшін» Мемлекеттік сыйақыға ізденіс байқауы бойынша М.А.Гендельманның «Жерге орналастыру мен кадастрдың ғылыми негіздері» атты оқулығы 1 дәрежелі сыйақыны, Б. Әлімжановтың жетекшілігіндегі технологиялық факультеттің ғалымдары «Есіл қазақы қараала малының жаңа тұқымы» селекциялық жетістігі үшін 2 -дәрежелі сыйақыны жеңіп алды. - Ғылыми-зерттеу жұмыстардың нәтижесі бойынша бүгінде өндіріске енгізілген, жемісін беріп отырған ғылыми жетістіктер бар ма? - Ондай жетістіктер көп. Солардың негізгілеріне ғана тоқталайын. Оқу орнының ғалымдары «Родина» ӨК және «Күйгенжар» АҚ шаруашылықтарында сүтті ірі қара малдың жаңа түрін ойлап шығарды. Бұл еңбегі үшін жұмыстың негізгі авторы - ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Б. Әлімжанов жоғарыда атап өткенімдей, А.И.Бараев атындағы екінші дәрежелі сыйлықпен марапатталды. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Р.Қ. Қазығановтың басшылығымен жүргізілген асыл тұқымды селекциялық жұмыстардың нәтижесінде қазақтың құйрықты қылшық жүнді, еділбай және алай - құйрықты үш тегі будандастырылып, еті, майы және жүні жағынан жоғары өнімді қойлардың солтүстік-шығыс, оңтүстік аймақтардың ауа-райына төзімді популяциясы алынды. Бүгінде олардың 19,0 мың бас көлемінде селекциялық отары жасалды. Қошқарлардың таза салмағы 97-102, қойлардікі 65-69 киләні құраса, қырқылған жүннің салмағы 2,4-2,9 килә болады. Төлдері тез жетілуімен ерекшеленеді. Мысалға, төрт айлық төлдердің салмағы 41,2 - 51,2 килә болса, 15 айлығында ол 66,7 ? 79,6-ға жетеді. Бұнымен қоса, жаңа құйрықты қойлардың ұрғашылары сүтті болып келеді. Қозылы қойдың сүті тәулігіне 1,7- 2,07 литр аралығын құрайды. Қозылары мен тоқтыларының соғымдық салмақтары да жоғары және олар қазақтың құйрықты қойларының ең жақсы тұқымдарымен қатарлас бағаланады. Жаңа тұқым Қазақстанның оңтүстік және шығыс аймақтарының тұтынушыларында аса жоғары сұранысқа ие. 2006-2008 жылдары Павлодардың «Май» шаруашылығы, «Бастау» ЖШС, Ақмоланың «Еңбек» ЖШС, «Шәушен» шаруашылығы мен Жамбыл облысының көптеген басқа да шаруашылық құрылымдары 203 қошқар мен 15-17 айлық 1390 тұсақты әр басын 20530 мың теңгеден сатты. Олардың өзіндік құны 14860 мың теңге болғанын ескерсек, түскен пайда 5,7 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, ветеринарлық ғылымдардың кандидаты, доцент Б. Ыбыраевтың ғылыми жетекшілігімен «Экологиялық жағынан таза өнімді жасау мақсатында жайылымдарда жылқы паразиттерінің алдын-алу және емдік өңдеулерді оңтайландыру арқылы жылқы етінің сапасын арттыру» жобасы шеңберінде де айтарлықтай зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, Қазақстанның солтүстік аймағындағы жылқының 98,8 пайызы стронгилятозға, 38,3-і - параскаридозға, 45,3-і - оксиурозға және 100 пайызға жуығы гастрофилезға шалдыққан. Жайылым жағдайында оларды жұқтыру мамыр айының соңы мен шілденің бас кезеңіне келеді. Және паразиттер жылқы ағзасында қазан айына дейін сақталады. Бұл орайда бірқатар ұсынымдар әзірленді. Мәселен, Қазақстанның солтүстік аймақтарында гельминттер қоздырғыштарының даму мерзімдерін ескере отырып, жайылымдын мамыр айында әрбір 12-14 күнде, маусым-шілдеде ? 5-6 тәулік сайын және тамыз айында әрбір 7-9 күн аралығында ауыстырып тұру қажет. Балтабек Ыбыраев сондай-ақ фенбендазол, альбендазолдың жем түріндегі емдік түйіршіктерін және сығынды түрдегі ивермектинаның 3 түрін жасап шығарды. Препарат Ақмола және Қарағанды облыстарының ауылдық мекендеріндегі 5 мың 480 жылқыға сыналды. Сұр тышқанды жоюдың жаңа технологиясын да әзірлеп, оны өзіміздің университетте, Қорғалжынның аудандық ауруханасында және А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ҒЗИ-да тәжірибеден өткізді. Ветеринария ғылымдарының кандидаты, доцент С. Әбдірахманов аусылға қарсы егілген жануарлар иммунитетінің ширығуын анықтау мақсатында Республиканың изодемиялық картасын жасады. Бес аймақ (Алматы, Жамбыл, Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан) бойынша Қазақстан аумағына аусылдың таралу қаупіне талдау жүргізілді. Дәлірек айтқанда, қауіп-қатердің идентификациясы, оның таралу жолдарын анықтау, салдарына баға беру және қауіпті төмендету бойынша шараларды жүргізу бағытында жұмыстар жасалып, оқу құралы басып шығарылды. Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор А. Бұлашевтің ғылыми жетекшілігімен, моноклоналды антиденелер негізінде құс тұмауының жоғары патогенді вирусын (H5N1 штамм) немесе оның антигендерін патологиялық материалдардан және сыртқы орта нысандарынан 4 сағат ішінде анықтауға мүмкіндік беретін экспресс-тест әзірленді. Тест реагенттері «құс тұмауы вирусын иммунды ферменттік талдау әдісімен анықтауға арналған жиынтықта» жиналған, ол зерттеу жұмыстарын зертханалық және алқаптық жағдайларда да жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, А.Бұлашев жануарлардың бруцеллезі мен туберкулезіне серологиялық диагностика жасау үшін моноклоналды антиденелер негізінде иммунды ферменттік талдауды (ИФТ) жүргізудің технологиялық регламентін әзірледі. Жануарлардың осы ауруларына қатысты ИФТ отандық тест-жүйесінің өндірісін ұйымдастыру бойынша ұсынымдар дайындалды. Ол қан сарысуының 96 сынамасына бір уақытта талдау жүргізуге мүмкіндік береді. - Енді бір аз күннен кейін еліміздің кей өңірлері көктемгі егіс науқанын бастайды. Дәнді-дақылдарды күтіп-бағу, егіннің өнімділігін арттыру бағытында не айтуға болады? - Техника ғылымдарының кандидаты, доцент М. Әдуовтың ғылыми жетекшілігімен топырақты аудармай өңдеу кезінде бірмезгілде минералды тыңайтқыштарды енгізуге мүмкіндік беретін құрал жасалды. Оның көлденең ауқымы 2,15 метрді, өнімділігі 1,4-2,0 га/сағатты, жұмыс жылдамдығы сағатына 10 шақырымға дейін және өңдеу тереңдігі 15-25 сантиметрді құрайды. Дайындалған құрал түйіршіктердің біртегіс таралмауын біршама төмендетеді.
Ал т.ғ.д., профессор Н.В.Костюченковтың жетекшілігімен Ақмола облысындағы «Родина» ӨК-да ақ қауданды орамжапырақты жинауға арналған машинаның алғашқы үлгісі жасалды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент И. Жұмағұлов Солтүстік Қазақстанның суландырылатын жерлеріне көкөніс дақылдарын егу технологиясын әзірлеп, оны «Дастарқан» шаруашылығында сынақтан өткізді. А.ш.ғ.д., профессор В.Г.Черненок «Ақтық» агрофирма» АҚ-да тәжірибе жұмыстарын жүргізе отырып, топырақ құнарлылығын басқару тәсілдерін даярласа, б.ғ.к., доцент С. Бекқожина А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы Ғылыми зерттеу институтында «In vitro» дақылынан алынған бидайға селекциялық бағалау жасады. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты В.К.Швидченко университет жанынан құрылған Биотехнология ғылымыи-зерттеу институты мен «А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-да жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Бәйтерек» жаздық жұмсақ бидай сортын алды. Сорт орташа піскен. Құрғақтыққа төзімділігі орта деңгейден жоғары, масағы берік. Нан өнімі ретінде сапасы өте жақсы. Бидайдың «қатты» сорты санатына жататын бұл түр өткен жылдан бастап Шығыс Қазақстан жерлерінде егіле бастады. Сонымен қатар, биология ғылымдарының докторы, доцент А. Науанова Солтүстік Қазақстан жағдайында дәнді дақылдарды саңырауқұлақ ауруларынан қорғаудың тиімді жүйесін жасап, оны сол аймақта орналасқан «Ақтық» ЖШС-да тәжірибеден өткізді. Алғаш рет Солтүстік Қазақстанның құрғақ дала жағдайында астық дақылдарын саңырауқұлақ ауруларынан қорғау үшін өсімдік текті препараттарды пайдалану мүмкіншілігі көрсетілді. Ауылшаруашылық дақылдардың агробиоценозында патогендердің таралуына тестілеу жүргізіліп, нәтижесінде патогенді микромицеттердің өсуі мен дамуын бірқатар дәрілік өсімдіктердің сығындысы тежейтіні анықталды. Бидайдың тұқымын себер алдында оны өсімдік текті биопрапараттармен өңдеу тамыр шірігі ауруын едәуір тежеп, биологиялық және шаруашылық тұрғыда тиімділігін көрсетті. Сонымен қатар, бидайдың биологиялық стресстерге төзімділігін бағалаудың жылдам тәсілі өңделді. Ғылыми зерттеу жұмыстарының барысында барлығы 4 авторлық куәлік алынып, Республиканың микроорганизмдер коллекциясы толықты. - Ал енді ғылымға келетін жастарға қолдау жағы қалай? - Ғылымға келемін деген жастар, студенттер университет тарапынан болсын, мемлекет тарапынан болсын қашан да қолдауға ие. Жыл сайын Білім және ғылым министрлігі студенттердің арасында әртүрлі сала бойынша ғылыми жұмыстардың республикалық байқауын өткізеді. Осындай байқауларды университет ішінде құрылған Жас ғалымдар кеңесі де дәстүрлі ұйымдастырып тұрады. Екі байқау бойынша да жеңімпаздар ақшалай марапатталады. Бұл олардың ғылыми идеяларын іс-жүзіне асыруға бірден-бір көмек деп білемін. Университетте студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі ? оқу үрдісіне енгізілген ғылыми жұмыс, екіншісі ? оқудан тыс уақытта жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстар. Оқудан тыс жүргізілетін ғылыми жұмыстарға студенттер мемлекеттік бюджет есебінен немесе шаруашылықтармен келісімшарт негізінде жасалатын жобалар бойынша тартылады. Бюджеттік жобалар аясында жұмыс жасайтын студенттер штаттық кестеге енгізіліп, сәйкесінше еңбекақы алады. Магистранттар мен аспиранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі диссертацияларында көрсетіледі. 2006-2008 оқу жылында 9 докторлық және 26 кандидаттық диссертация қорғалды.